Путин Назарбаевқа Александр Невский орденін тапсырды

Күні: 10:30, 10-07-2015.

Астана. 10 шілде. ҚазТАГ – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті және кездесу барысында Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Невский орденін табыс етті, деп хабарлады ҚР президентінің баспасөз қызметінен.
Ақорданың ресми сайтында жарияланғандай, Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин екіжақты өзара ықпалдастықтың  кең ауқымды мәселелерін қарастырды.
Сондай-ақ екі мемлекеттің көшбасшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.
Кездесу барысында Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевқа көпжоспарлы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамытуға сіңірген еңбегі, сондай-ақ интеграциялық үдерістерді ілгерілету бағытындағы екіжақты өзара ықпалдастыққа қосқан белсенді үлесі үшін Александр Невский орденін тапсырды.  
Бүкіл еліміз Сізге зор құрметпен қарайды. Біздің халықтарымыздың алдындағы Сіздің еңбегіңіздің және интеграциялық үдерістер мәселесі бойынша Сіз көтерген, бүгінде аяғына жеткен бастамалардың белгісі ретінде Сізге осы награданы тапсыруға рұқсат етіңіз, – деді Ресей Президенті.
Мемлекет басшысы өз кезегінде Владимир Путинге еңбегін жоғары бағалағаны үшін алғыс айтты.
Көрсетілген ықылас үшін бүкіл Ресей халқына, бұқаралық ақпарат құралдарына рахмет айтқым келеді. Біздің жасап жатқанымыздың барлығы барша Қазақстан мен Ресей халқы үшін жасалуда. Бүгін – тарихи күн, өйткені әр құрлықтан келген түрлі елдердің көшбасшылары кездесіп отыр. Бұрынырақта мен түптің түбінде барлық ұйымдар болашағы зор ортақ бір интеграциялық бірлестікке бірігетінін айтқан едім, – деді Қазақстан Президенті.
Александр Невский орденімен Ресей Федерациясымен арадағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуға қосқан еңбегі үшін көрнекті шетелдік саяси және қоғам қайраткерлері, шет мемлекеттердің іскерлік қоғамдастығының өкілдері марапатталады.


Жаңалықтармен бөлісу: