Qarmet 2024 жылдың қорытындысы бойынша сыйақы төлейді

Қарағанды. 10 сәуір. ҚазТАГ – “Qarmet” АҚ өндірістік жыл қорытындысы бойынша өз жұмысшыларына сыйақы төлейтіні туралы қуана хабарлайды. Ұжымдық шартта қарастырылған барлық көрсеткіштер толық көлемде орындалмағанына қарамастан, компания басшылығы қызметкерлерін қолдау және металлургиялық комбинатты қайта жандандыру жолындағы табанды еңбектері үшін осындай шешім қабылдады, деп хабарлады Qarmet баспасөз қызметі.

Сыйақы 2024 жылғы 1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығында жұмыс істеген қызметкерлерге төленеді. Сыйақы төлеу санаттары мен шарттары кәсіподақтармен келісілді.

«2024 жыл – біздің компания үшін толыққанды алғашқы жыл болды. Мұндай ауқымды активтердің ауысу кезеңдері қиындықтар мен кедергілерсіз өтпейтіні белгілі. Өткен жылы біз барлық белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізе алмадық, бірақ нәтижеге көптеген факторлар әсер ететінін түсінеміз. Бұл – металдар нарығындағы қазіргі тұрақсыздықпен қатар, ішкі құрылымда бұрыннан қалыптасқан мәселелердің әсері. Біз командамен күн сайын бұрыннан қалған жағдайды тұрақтандыру үшін жұмыс істеп келеміз. Ең бастысы – қызметкерлеріміз өз істеріне толық беріліп, еңбек етуде, бұл бізге болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді», - деді Qarmet бас директоры Вадим Басин.

Сыйақы төлеу – қызметкерлердің еңбегіне алғыс білдірумен қатар, оларды одан әрі жетістіктерге ынталандырудың жолы. Компания бұл шешім қызметкерлердің мотивациясын арттырып, биылғы өндірістік жылда жаңа мақсаттарға қол жеткізуге септігін тигізетініне сенімді.

«Бұл шешім қызметкерлердің еңбегін бағалап, Qarmet компаниясының әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына және осы жетістікке үлес қосып жүрген адамдарға қамқорлық танытатынының көрінісі. Біз өндірістік жетістіктер тек ұжымның үйлесімді жұмысы арқылы жүзеге асатынын жақсы түсінеміз. Ал сіздердің қолдауларыңыз – комбинатымыздың дамуы үшін баға жетпес құндылық”, - деп атап өтті «Жақтау» кәсіподақ төрағасы Виктор Щетинин.

Qarmet өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында озық тәжірибелер мен инновациялық әдістерді енгізуді жалғастырады, сондай-ақ қызметкерлеріне кәсіби өсіп, дамуы үшін тұрақты жағдай жасауға ұмтылатын болады.

adimage