ҚР ҰҚК жастар арасында радикалды идеологияға қарсы идеологияны насихаттау деңгейі тым төмен деп отыр

Күні: 12:50, 04-04-2017.

Астана. 4 сәуір. ҚазТАГ – ҚР ҰҚК жастар арасында радикалды идеологияға қарсы идеологияны насихаттау деңгейі тым төмен деп мәлім етті ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төраға орынбасары Нұрғали Білісбеков.
«Радикалды идеологияға қарсы үгіт-насихат мәселесі проблемалы болып қалып отыр. Қарсы насихатпен қамтылған жастар негізінен студенттер мен оқушылар. Ал қалған, жұмыс жасамайтын, маргиналды жастарды осындай қарсы үгіт-насихатпен қамту тым төмен - 10% шамасында», - деді Н. Білісбеков сейсенбі күні үкімет отырысында.
Оның айтуынша, «Қазақстан азаматтарын деструктивті діни ағымдарға тарту өршіп отыр, діни адамдардың радикалдану үдерісі жалғасуда».
«Тікелей радикалды діни көзқарастарға берілген аудиторияның көзқарасын өзгерту бағытындағы жұмыстарды жүйеге келтіру қажеттігі бар. Түпкі мақсаты экстремистік идеологияның таралуы үшін әлеуметтік базаны жою болып табылады», - деді Н. Білісбеков.
Сонымен қатар ол радикалды идеологияға қарсы насихат жүргізу бағытында нақты нәтижелер барлығын айтты.
«Биылғы жылдың І тоқсанында біз Қазақстанның бір де азаматын террорлық ұйымдарға қатысуға шетелге жібермедік. Ол үрдіс Таяу Шығыстағы оқиғалармен байланысты, дегенмен біздің де шараларымыз нәтиже беріп отыр», - деп қадап айтты Н. Білісбеков.
Сондай-ақ ол діни экстремизм мен терроризмге қарсы  тұруға бағытталған 2018-2020 жылдарға есептелген бағдарлама әзірленуде екенін айтты.  


Жаңалықтармен бөлісу: