ҚР Ұлттық Банкі 2017 жылғы 25 қазанда номиналы 500 теңгелік, «Ы. Алтынсарин» ескерткіш күміс монеталарын айналысқа шығарады

Алматы. 24 қазан. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2017 жылғы 25 қазанда «Қазақстанның бейнелеу өнері» монеталар сериясынан номиналы 500 теңгелік, «рroоf» сапалы «Ы. Алтынсарин» ескерткіш күміс монеталарын айналысқа шығарады, деп хабарлады ҚР Ұлттық банк баспасөз қызметі. Ведомство сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, «Ы.Алтынсарин» монетасы ұлттық мәдениетіміздің байлығын танымал етуге және Қазақстанның бейнелеу өнеріндегі бағыттардың толық аясын (графика, мүсін, бейнелеу, мозаика және т.б.) ашып көрсетуге арналған «Қазақстанның бейнелеу өнері» монеталар сериясын жалғастырады. Монетаның дизайнында ағартушы, ұстаз, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсаринге арналған, суретші-монументалист Ю. Функоринеоның қатысуымен мүсінші – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші-монументалист В. Твердохлебовтың басшылығымен орындалған мозаикалық панноның бейнеленуі (Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясы, Алматы қ.) пайдаланылған. Монетаның пішіні тік бұрышты. Монетаның аверсінде орталық бөлігінде ою-өрнек аясында мемлекеттік тілдегі «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және орыс тіліндегі «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазбаның қоршауында Қазақстан Республикасының елтаңбасы орналасқан. Төменгі бөлігінде – монетаның номиналын білдіретін «500 ТЕҢГЕ» деген жазба, соғылған жылын білдіретін «2017» деген сан және монета дайындалған металды, оның сынамын және массасын білдіретін «Ag 925 31.1 g.» деген жазба орналасқан. Жоғары бөлігінде мемлекеттік тілде «В.ТВЕРДОХЛЕБОВ», «Ы.АЛТЫНСАРИН» деген жазба және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің логотипі бейнеленген.
Монетаның реверсінде көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсаринге арналған мозаикалық панно (жоба жетекшісі В. Твердохлебов) бейнеленген. Түс бойынша шешім түрлі түсті басып шығару технологиясы арқылы орындалған. Қыры (гурты) тегіс, бедерсіз және жазбасыз. Монеталар 925 сынамды күмістен жасалған, массасы – 31,1 грамм, тік бұрышы 35х45 мм, дайындау сапасы – «proof», ең көп таралымы – 3 мың дана. Ескерткіш монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған. Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген. «Proof» сапасымен жасалған ескерткіш монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған. Номиналы 500 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банктерінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады. Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалдарында, сондай-ақ www.nationalbank.kz ҚРҰБ сайтының Интернет – дүкені арқылы сатып алуға болады.

adimage