ҚР президентінің мұрағаты жанынан 1930-шы жылдарғы ашаршылық құрбандары туралы ақпарат жинайтын сайт ашылды

Алматы. 14 сәуір. ҚазТАГ – Динара Жаркеева. ҚР президентінің мұрағаты жанынан 1930-шы жылдарғы ашаршылық құрбандары туралы ақпарат жинайтын сайт ашылды, деп хабарлады ҚазТАГ тілшісі.
«Мәліметтер базасын толтыру үшін, естелік материалдарын жинау үшін www.asharshylyq.kz. веб-сайты іске қосылды. Сайт барлығына ашық, мәліметтері бар кез келген адам тікелей хабарлай алады, барлық мәліметтер сайтқа енгізіледі. Одан басқа, сайтқа біз 30-шы жылдарғы ашаршылық тақырыбына арналған отандық және шетелдік зерттеушілердің материалдарын, фото, бейне-, аудиоматериалдарын орналастыра бастадық, яғни кез келген адам сайтты ашып сол жылдарғы қасыретпен таныса алады», - деді ҚР президенті мұрағатының директоры Борис Жапаров бейсенбі күні 1930-шы жылдарғы ашаршылық тарихына арналған дөңгелек үстел барысында.
Оның айтуынша, қасырет құрбандары туралы мәліметтер базасын толтыруға тиімді түрде қарау үшін облыстық, аудандық деңгейдегі, Астана мен Алматы мемлекеттік мұрағатының көптеген өкілдері шақырылды.
«Бүгіндері біз сүйектері Қазақстан аумағында көмусіз шашылып қалған аштық құрбандарының, оның ішінде жартысы – балалар, аттарын қалпына келтіріп, тізімді тиімді толтыру үшін көптеген мемлекеттік мұрағат өкілдерін шақырдық. Халық жадынан оларды жәй ғана өшіріп тастау мүмкін емес. Әзірге 1930-шы жылдар қол жетімді кезең, небары 80 жыл өтті, тіпті кейбір өкілдердің көздері тірі. Біз еліміздің мұрағаттық қауымдастығымен бірге осы жобаны қолға алып, мұрағатшылармен, ғалымдармен, зерттеушілермен, қарапайым азаматтармен бірге біз осындай тізім құрастыра аламыз деп үміт етеміз», - деді мұрағат директоры.  
Сондай-ақ ол қаза болғандар туралы мәліметтерді жинаудың қиындығы қазақ халқының сол қайғылы қасыретін большевиктік билік жасырып қалғысы келіп отырғандығынан деп атап өтт.  
«Большевиктік билік оны жасырды, біздің тәуелсіздігімізге дейін ешқандай оқулықта, ешқандай әдебиетте ешқандай мәліметтер келтірілмей, ешқандай зерттеулер жүргізуге, не материалдар жариялауға тыйым салынған болатын. Тек кейбір әдеби шығармаларда, жекелеген жазушылардың әңгімелерінде жанама түрде айтылып кететін, цензура барлығын алып тастайтын», - деп тұжырымдады Б. Жапаров.
«Біз кімде мәліметтер бар болса, ашаршылықтан қаза болған туыстары мен жақындары туралы ақпараттары бар, өткенімізге, қазіргі күніміз бен келешегімізге жаны ашитын еліміздің саналы азаматтарының барлығын осы жобаны қолдауға шақырамыз, себебі бұл жалпыұлттық сипаттағы жоба. Бірлесе отырып біз осы міндетті көтеріп, аштық құрбандарының тізімін қалпына келтіреміз», - деп тұжырымдады ол.  

adimage