Ресей журналистер одағы ҚР бас прокуратурасынан Сейтқазы Матаевтың ісінде жариялылық пен әділдікті қамтамасыз етуді сұрауда

Күні: 18:18, 17-03-2016.

Алматы. 17 наурыз. ҚазТАГ - Ресей журналистер одағы Қазақстан Республикасы бас прокуратурасынан ҚР журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевтың ісінде жариялылық пен әділдікті қамтамасыз етуді талап етуде.  
«Ресей журналистер одағы Қазақстан Республикасы журналистер одағының төрағасы, журналистер одағының халықаралық конфедерациясының вице-президенті Сейтқазы Матаевтың ұсталуына байланысты алаңдаушылық білдіруде. Және біз С.Матаевқа қатысты тағылған айыптаулардың барлығы бойынша тергеу ісінің ашық  әрі әділ өтуін талап етіп отырған Қазақстан Журналистер одағының ұстанымын қолдаймыз», - делінген Ресей Журналистер одағының төрағасы Всеволод Богдановтың ҚР бас прокуратурасына жазған хатында.  
Бұл ретте хатта С.Матаевтың шетелдердегі үлкен беделі атап өтілген.  
«Біз Сейтқазы Матаевты тек Қазақстанда ғана емес, Ресейдің, басқа да посткеңестік мемлекеттердің журналистері арасында да үлкен бедел мен кәсіби абыройға ие адам ретінде білеміз», - делінген хабарда.  
Сонымен қатар, хатта журналистердің жұмысына саяси және экономикалық жағдайлардың ықпал етуіне жол берілмеуі керектігі айтылған.
«Біз ешқандай жағдайдың, саяси және экономикалық жағдайлардың өз міндеттерін атқарып жүрген журналистер мен олардың кәсіби ұйымдарының еркін жұмысына кедергі келтірмеуі керектігіне сенімдіміз. Біз Қазақстанның құқыққорғау органдары тергеу барысы туралы барынша обективтілікті  және жариялылықты қамтамасыз етеді, қазақстандық әріптестері мен халықаралық журналистік қоғамдастықты хабардар етеді деп үміттенеміз», - делінген хатта.  


Жаңалықтармен бөлісу: