РФ Курск облысында қазақстандық жауынгердің сүйегі табылды

Алматы. 27 ақпан. ҚазТАГ – РФ Курск облысының Поныровский ауданының аумағында Ұлы Отан соғысы жылдары қаза болған қазақстандық жауынгер сүйегі табылды, деп хабарлады «Айғақ» телерадиокомпаниясы.
«2016 жылғы қарашада Курск облысының Поныровский ауданының аумағында іздестіру жұмыстары жүргізілу барысында жауынгер сүйегі мен оның қалтасынан Құран табылды. Жауынгердің жазуы бар мальоны табылды. Сол жазуда атап көрсетілгендей, ол сарбаз ОҚО Сайрам ауданы, Манкент стансасы, Қарабұлақ пошта бөлімшесі, Молотов ат. колхоздан екен», - делінген телерадиокомпанияның хабарында.
Ресейлік қайырымдылық әскери-патриоттық «Застава св. Ильи Муромца» қорының өкілі  Андрей Фетисовтың айтуынша, бұл жерлерде НКВД-ның (Ішкі істер Халық Комиссариаты - ҚазТАГ)140-шы Сібір атқыштар дивизиясы соғысқан. Сарбаздың сүйегі дара жерленгендіктен оны отанына жіберудің мүмкіндігі бар.
Өз кезегінде «Айғақ» телерадиокомпаниясының бас директоры Дулат Әбіш ол сарбаздың сүйегін елге жеткізіп, туған ауылына қайта жерлеу бойынша «Қалтасында Құраны бар Қарабұлақтан шыққан сарбаз!» акциясын бастады. «Айғақ» журналистері кейін білгендей, ол сарбаз Отүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының Көлкент ауыл округының Шапырашты аулынан шыққан Пірәлі Ахмамбеков екен.
Бірақ, А.Фетисов хабарлағандай, табылған жауынгерлердің сүйектерін, оның ішінде осы П. Ахмамаковтің де сүйегін қайта жерлеу Курск облысының Поныри кентінде 7 мамырға жоспарланған. Ол күнге дейін қазақстандық жауынгердің сүйегі елге қайтарылуы керек. Өз кезегінде Д. Әбіш бұл «Қалтасында Құраны бар Қарабұлақтан шыққан сарбаз!»  акциясына облыстық әскери комиссариат қосылып, сарбаз сүйегін елге қайтаруға атсалысар деп үміт етеді.  
Бірнеше жыл бойына телеарна Ұлы отан соғысының әскери даңқ орындарына түсірілім топтарын жіберіп келеді. Сол сапар қорытындылары бойынша гвардия лейтенант Қасымбек Нұрсейітов және Мақаш Тәжібаевтың сүйектерін елге жерлеу рәсімін ұйымдастыру мүмкін болды.

adimage