Тұңғыш қазақстандық ғарышкер Тоқтар Әубәкіров 70 жылдығын атап өтті

Күні: 18:34, 27-07-2016.

Астана. 27 шілде. ҚазТАГ – Тұңғыш қазақстандық ғарышкер Тоқтар Әубәкіров 70 жылдығын атап өтті, деп хабарлады елорда ресми сайты сәрсенбі күні.
Хабарда атап көрсетілгендей, ҚР Қарулы күштерінің ұлттық әскери-патриоттық орталығында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің құрметіне мерекелік концерт өтті. Сондай-ақ, музей залдарының бірінде еліміздің тұңғыш ғарышкері, ұшқыштың еңбек жолымен таныстыратын фотокөрме ұйымдастырылды.
Мерейтой иесін құттықтауға Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, Қазақстанның әскери авиациясының ардагерлері, Кеңес одағының, Ресей Федерациясының және Еуроодақ мемлекеттерінің ұшқыш-ғарышкерлері келді.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов ғарышкерді Мемлекет басшысының атынан құттықтады.
1991 жылы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров Кеңес одағының батыры Александр Волков бастаған «Союз ТМ-13» ғарыш кемесінің экипажының құрамында ғарышқа ұшты.
«Тоқтар алғаш рет салмақсыздық күйге түскенде, оның көзіндегі бақыт пен қуанышты байқадым. Қазақстанның нышаны – қыран секілді қанатын кеңге жайып ұша жөнелді. Бізді ғарыштық жол жақындастырғанына қуаныштымын», - дейді Александр Волков.
Өз кезегінде, Тоқтар Оңғарбайұлы өміріндегі басты жетістік бала кезіндегі арманын орындап, ғарышкер бола алғаны екендігін жеткізді.
«Мен алдыма үлкен мақсаттар қойып, оларға халқымның қолдауының арқасында ғана қол жеткіздім. Тек халқым үшін ғана ілгері қадам бастым», - дейді ол.


Жаңалықтармен бөлісу: