Алматы. 20 тамыз. ҚазТАГ - Мәдина Әлімханова. Теңге бағамын еркіндікке жіберу мәжбүрлі шара болды, деп хабарлады ҚР президенті Н. Назарбаев.
«Үкімет пен Ұлттық банк бүгін теңге бағамын еркіндікке жіберу және инфляциялық таргеттеуге өтетінін мәлім етті. Яғни бағамды сұраныс пен ұсыныс анықтайтын болады. Бұл мәжбүрлі шара болғанын тура айтуымыз керек, бізде басқа балама болмады», - деді Н. Назарбаев бейсенбі күні бизнес өкілдерімен кездесуінде.
Бұл ретте ол Қазақстан дағдарысқа дайын екендігін атап кетті.
«Біз өзіміздің бағдарламамызды басқаша құрғанбыз. Бірақ дағдарыс өзінің түзетулерін енгізеді. Біз оған дайын болуымыз керек. Және біз оған дайындалғанбыз, біз алдын ала дайындалғанбыз. Шикізат ресурстарына тәуелді емес, өңдеу өнеркәсібінің индустриалдық-инновациялық бағдарламасы – ол осы мәселеге бұрыннан жасалған дайындық болатын. Жақсы кездері ақшаны жинақтап, қорлар құру – ол да осындай жағдайға ұзақ мерзімдік дайындық болатын», - деді Н. Назарбаев.
Бұл ретте ол теңге бағамын қолдан ұстап тұру мемлекеттің күйреуіне әкелер еді деп атап өтті.
«Осындай жағдайда бізде үш таңдау жолы тұрды: не ештеңе қабылдамау; күтіп, қарап отыру; бағамды ұстап және жағдайдың жақсаруын күту. Бірақ ондай саясат елдегі өндірістің қысқаруына, жұмыс орындарының жоғалуына және валютаны, яғни, біздің резерв пен ұлттық қорды жаратып жіберуге әкелер еді. Алтынвалюталық резервтерді азайтар едік, және мемлекет орға жығылар еді», - деп түсіндірді Н. Назарбаев.
Оның айтуынша, теңге бағамын ақырын төмендету де едәуір шығынға әкелер еді.
«Екінші жолы – теңге бағамын дәліз ішінде ақырын әлсірету, Ұлттық банк осы саясатты ұстанып келді. Сыртқы нарықтағы жағдай белгісіз болып отырған жағдайда бұл жол да көптеген алтынвалюталық шығынды қажет етер еді, ол да қайтадан біздің кәсіпорындардың бәсекелестігін төмендетер еді және шығынды арттырар еді. Сондықтан, ойлана келе, барлық мүмкіндіктерді есептеп, ең дұрысы - теңге бағамын еркіндікке жіберу, инфляциялық таргеттеуге көшу деп шештік», - деді мемлекет басшысы.
Бұрын хабарланғандай, Қазақстан 20 тамыздан бастап теңге бағамын еркіндікке жіберді. «Ұлттық банк және ҚР үкіметі 2015 жылғы 20 тамыздан бастап инфляциялық таргеттеу режиміне негізделген жаңа ақшалай-кредиттік саясатқа өту, валюталық дәлізді алып тастау және еркін айырбас бағамына өту туралы шешім қабылдады», - деп мәлім етті бейсенбі күні селекторлық кеңесте ҚР премьер-министрі К. Мәсімов.
Қазақстан қор биржасында (KASE) өткен саудада теңгенің орташа бағамы бейсенбі күні таңертең $1-ға Т255,26-ға дейін құлады. Доллар осының алдындағы сауда күніне қарағанда Т66,88-ға дейін өсті.
Алматы мен Астана айырбас пунктерінде доллар Т258-ге дейін өсті.
Қатысты сілтемелер
-
Ақтөбе облысында тұрғын үй өртеніп, 60 адам эвакуацияланды
13 Қыркүйек 2024, 09:28 -
Алматы облысында автобус көпірден спринтер көлігінің үстіне құлап кетті
13 Қыркүйек 2024, 09:21 -
Жұма күні Қазақстанның басым өңірінде жауын шашынсыз ауа райы күтіледі
13 Қыркүйек 2024, 08:54 -
Өскеменде 600-ге жуық электронды темекі тәркіленді
12 Қыркүйек 2024, 17:02