Тоқаев: Ұлттық банк қажет болған жағдайда айырбас бағамын тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қабылдауы керек

Астана. 1 шілде. ҚазТАГ – ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк қажет болған жағдайда айырбас бағамын тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қабылдауы керек деп мәлімдеді, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметінен.
«Бұл мәселеде Үкімет пен Ұлттық банк үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін атап айтқым келеді. Квазимемлекеттік компаниялардағы басы артық валютаны ішкі нарыққа сату тәжірибесін жалғастыра беру керек. Ұлттық банк қажет болған жағдайда айырбас бағамын тұрақтандыру үшін қосымша шаралар қабылдайды», - деді Тоқаев сәрсенбіде.
Хабарда айтылғандай, мемлекет басшысына Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев және басқарма мүшелері екінші деңгейдегі банктер активтерінің сапасын бағалау бойынша өткен жылғы қаржы-несие саясатына қатысты жүргізілген жұмыстардың қорытындылары, Ұлттық банктің алтын-валюта резервінің ахуалы және Ұлттық қордың активтері жөнінде есеп берді.
Тоқаевқа Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы бастамалары, 2020 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жоспары және коронавирус пандемиясы кезіндегі қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қабылдаған шаралары туралы баяндалды.
Қазақстан Президенті өз сөзінде қазіргі жағдайда ақша-несие саясатын тиімді іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, 2030 жылға дейінгі ақша-несие саясатын іске асыру стратегиясын әзірлеу барысында халықаралық нарықтағы іргелі үрдістерді ескеру қажеттігін айтты. Жаңа Стратегия еліміздегі макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қаржы жүйесінің орнықты дамуына тың серпін беруі керек.
Тоқаев Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне AQR қорытындысы бойынша Жол картасын жүзеге асыруды жалғастыруды, отандық банк секторының сапасына белгіленген мерзім бойынша бағалау жүргізуді тапсырды.

adimage