Тоқаев Шорнақ пен Сәтбаевтағы тәртіпсіздіктер туралы кеңес өткізді

Астана. 24 шілде. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шорнақ пен Сәтбаевтағы тәртіпсіздіктер туралы кеңес өткізді, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Президент Түркістан және Қарағанды облыстарындағы жағдайға байланысты кеңес өткізді. Мемлекет басшысы Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы оқиғаларға байланысты Президент Әкімшілігінің басшылығымен, Түркістан және Қарағанды облыстарының әкімдерімен, құқық қорғау органдарының басшылығымен кеңес өткізді. Дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында Шорнақ ауылы мен Сәтбаев қаласындағы жағдай тұрақталды. Тәртіпсіздіктің қайталануына ешқандай себеп жоқ», - деп жазды жұма күні өз әлеуметтік желісіндегі парақшасында президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
Ол нақтылағандай, президент жағдайды бақылауда ұстап, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, ел ішіндегі тұрақтылықты бұзуға талпынған арандатушылардың алдын алуды, құқық бұзушыларды заң аясында жауапкершілікке тартуды тапсырды.
«Сонымен қатар ол аталған аймақтардағы халықтың ең басты әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктеріне назар аудару керек екенін айтты. Ал құқық қорғау органдарына кәмелет жасына толмаған қызды зорламақ болды деген күдікпен ұсталған Сәтбаев қаласының тұрғынына қатысты тергеу жұмыстарын жан-жақты жүргізіп, оның қорытындысы туралы жұртшылыққа нақты ақпарат беру туралы тапсырма берді», - деді Уәли.
Бұған дейін хабарланғандай, Сәтбаев тұрғындары жоғалып кеткен бес жасар қыз баланы пәтерінде ұстаған ер адамды сотсыз жазаламақ болған. Тұрғындар баланың педофильдің құрбаны болуы мүмкін екенін айтуда. Кейін белгілі болғандай, Сәтбаевта ер адамның пәтерінен табылған бес жасар қыз бала қазір ауруханада жатыр. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлімдегендей, бес жасар баланы ұрлап кеткен күдікті оны зорлаған деп айыпталуда.
Еске салсақ, 23 маусымда Түркістан облысында белгісіз біреулер ауыл тұрғыны мен оның туыстарының үйіне тас атқылаған. Сонымен қатар, полицейдің де соққыға жығылғаны белгілі болды. Шорнақ ауылы маңындағы белгісіз біреулердің бұзақылығы туралы хабар Кентау қаласындағы ПБ кезекші бөліміне 21 шілдеде түскен. Белгілі болғандай бір ауылда тұратындар арасында жанжал туып, арты бұзақылыққа ұласқан. Ары қарай зардап шегушінің үйіне белгісіз біреулер келіп тас лақтырған, оның үйіне ғана емес туыстарының үйіне де тас лақтырса керек. Сол күні полиция аталмыш іс бойынша екі күдіктінің қамауға алынғанын айтты. Сонымен қатар құқыққорғаушылар ақпары бойынша әлеуметтік желі арқылы арандатушылыққа жол берген алты күдікті анықталған. 24 шілдеде белгілі болғаны тәртіпсіздік ісі бойынша қамауға алынғандар саны төртке жеткен.

adimage