ҚТЖ электр қуатын үнемдеу құралдарын орнатуда

Күні: 19:18, 16-09-2015.

Алматы. 16 қыркүйек. ҚазТАГ – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ  электр қуатын үнемдеу құралдарын орнатуда, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметінен.

Хабарда айтылғандай, республиканың  жүзге жуық станциялары электр қуатын үнемдеудің қазіргі заманғы жасыл экономикаға сай  құрылғыларымен жабдықтады. Қазіргі уақытта қуатты үнемдейтін 11588 жарық бергіш құралдары орнатылған. Ол ағымдағы жылдың аяғына дейін миллион кВт.сағ. электроэнергияның үнемделуіне мүмкіндік береді. Мұндай электр қуатын үнемдеу құралдарын ҚТЖ электрмен қамту дистанциялары өз күшімен орнатты.

«Ескі жарық құрылғылары 2-3 айда істен шығатын болса, жаңа қуат құралдарының артықшылығы, олар бірнеше жыл ауыстыруды қажет етпейді. Сапалы жарық беру құрылғыларын тәуліктің түнгі мезгілінде үзіліссіз қолдану нәтижесінде өндірістің көрсеткіштері жақсарып, күзет пен еңбек қауіпсіздігінің деңгейі жоғарылай түседі. Себебі теміржол станцияларында жүздеген вагондар жарық бергіш құралдары арқылы тексеріліп, жолаушылар мен жүк пойыздары өз уақытында жөнелтіледі», - делінген хабарда.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдік желі дирекциясы» филиалының директоры Жарас Изгулов атап өткендей, ҚТЖ-да қуат көздерін тиімді пайдалану шаралары жүргізіліп жатыр.

«Бағдарлама бойынша инфрақұрылым нысандарын, технологиялық үдерістердің энергетикалық тиімділігін жоғарылату, өтпелер мен станциялардағы сырты жарықтандыруды қайта жаңарту жұмыстары басталды. 2017 жылға дейін 31429 диодты жарық бергіш құралдарды алу жоспарланып отыр. Олар 177 станцияда орнатылатын болады», - деді Ж. Изгулов.


Жаңалықтармен бөлісу: