Қырғызстан журналистер одағы Матаевтың журналистиканың дамуына қосқан теңдессіз үлесін ескеріп, ҚР билігінен оған шығарылған үкімді өзгертуін сұрайды

Күні: 10:58, 13-10-2016.

Алматы. 13 қазан. ҚазТАГ – Қырғызстан журналистер одағы Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаевтың журналистиканың дамуына қосқан теңдессіз үлесін ескеріп, ҚР билігінен оған шығарылған үкімді өзгертуін сұрайды, деп жазады ҚырТАГ.
«Сейтқазы Матаевтың журналистиканың дамуына қосқан баға жетпес үлесін, оның қоғамдағы беделін ескеріп, мен оған шығарылған сот үкімін тым қатаң деп есептеймін. Қырғызстанның журналистік қауымдастығы әкелі-балалы Матаевтарға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы үндеуін Қазақстан билігіне жіберген. Және енді біз Қазақстан билігінен Матаевтарға шығарылған үкімді өзгертуін сұраймыз», - деді ҚР журналистер одағының басшысы Абдыкадыр Султанбаев.
Ол сондай-ақ өзінің қазақстандық әріптесінің үкімет пен қоғамға зиян тигізетіндей ешнәрсе істемегеніне сенімді.
«Менің жеке өзім Сейтқазы Матаев пен оның ұлымен таныспын және олар қоғамға зиян келтірерлік ешнәрсе жасамағанына сенімдімін. Сейтқазы Матаев тамаша журналист, ол тек Қазақстанға ғана танымал журналист емес, оны ТАМ елдері мен алыс шетелде таниды», - деді ол.
А.Султанбаев С. Матаевтың Қазақстан президентінің алғашқы баспасөз хатшысы болғанын, атақты басылымдарда қызмет атқарғанын ерекше алға тартты.
«Соңғы кездері Қазақстан журналистер одағын басқарды, олардың құқықтарын қорғады, нарықтық экономика жағдайында оларға қолайлы жағдай жасауға септігін тигізді, демократияның дамуына өз үлесін қосты. Оның журналистикаға қосқан үлесі, тек қазақстандық журналистикаға емес, қайталап айтамын, баға жетпейді», - деп тұжырымдады А.Султанбаев.
Бұрын хабарланғандай, 3 қазанда Астана қаласының №2 Есіл аудандық сотында Сейтқазы мен Әсет Матаевтарға қатысты сот үкімі жарияланды. Сөйтіп, Қазақстан журналистер одағының басшысын мүлкін тәркілеп, 6 жылға бас бостандығынан айыру, ҚазТАГ ақпараттық агенттігінің бас директоры Әсет Матаевтың жеке мүлкі тәркіленіп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Матевтардың адвокаттары үкіммен келіспейтіндерін және оған шағымдануға ниетті екендерін мәлімдеді.


Жаңалықтармен бөлісу: