Қытайлық инвесторлар Қорғас құрғақ портының 49% үлесін сатып алды

Күні: 14:54, 15-05-2017.

Алматы. 15 мамыр. ҚазТАГ – Аса ірі теңіз және логистикалық оператор COSCO Shipping «Қорғас Шығыс қақпа» ЕЭА дамуына инвестиция салуда, деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ) баспасөз қызметінен.
«15 мамырда Бейжіңде өтіп жатқан халықаралық ынтымақтастық «Бір белдеу, бір жол» форумы барысында «Қазақстан темір жолы» COSCO Shipping корпорациясымен және Ляньюнган портымен «Қорғас – Шығыс қақпа» еркін экономикалық аймағын (ЕЭА) бірлесе дамыту туралы инвестициялық келісімге қол қойды.  Қытайлық инвесторлар бірлесе отырып Khorgos Gateway құрғақ портының 49% қатысу үлесін сатып алды», - делінген дүйсенбі күні таратылған хабарда.
Хабарда айтылғандай, халықаралық логистиканың стратегиялық серіктестерін тарту ЕЭА-ның дамуына қосымша серпін беріп, Азия мен Еуропа арасында жүк ағымдарын шоғырландыру мен дистрибуциялау бойынша ірі өңірлік хаб құруға мүмкіндік береді.
«Қорғас – Шығыс қақпа» ЕЭА COSCO Shipping компаниясы көрсетіп отырған жаһандық логистикалық сервис сәулетінің бір бөлігі болады және қазақстандық транзиттік дәліздердің халықаралық логисткалық желілерге интеграциялануын қамтамасыз етеді», - деп қадап айтты ҚТЖ-дан.    
Одан басқа, қол қойылған келісім Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-логистикалық саладағы ынтымақтастықты одан ары дамытуға бағытталған және ол қазақстандық «Нұрлы жол» бағдарламасының қытайлық «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасымен тоғысып кетуіне септігін тигізеді, делінген хабарда.
Құжатқа қол қою рәсіміне ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин, ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР сыртқы істер министрі Қайрат Әбдрахманов және  Ляньюньган қ-ң мэрі Сян Сяолун қатысты.
COSCO Shipping аса ірі теңіз операторы және логистикалық қызмет провайдері болып табылады. Корпорацияда жалпы сыймдылығы 1,6 млн контейнер болатын 1100-ден астам теңіз кемелері бар және олар әлемнің 79 еліндегі 254 теңіз портын байланыстыратын 300-ден астам халықаралық және ішкі теңіз маршруттарына қызмет көрсетеді.
Ляньюньган порты  - Сары теңіздегі Қытайдың аса ірі теңіз порты. Ол әлемнің аса ірі 30 порттары қатарына енеді және жылына 200 млн тонна жүк пен 5 миллион контейнер тасымалдай алады.  


Жаңалықтармен бөлісу: