Ұзандар үні тербеген ұлы дала

Күні: 14:54, 28-09-2017.

Қызылорда. 28 қыркүйек. ҚазТАГ - Түркі тілдес халықтардың «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі халықаралық музыкалық өнер фестиваліне биыл 10 мемлекеттен өнерпаздар мен фольклортанушы ғалымдар қатысуда, деп хабарлады облыс әкімінің ресми сайты.  Биылғы жылдың тағы  ерекшелігі - гала-концерт Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды ескерткіш-кешенінің амфитеатрында өтеді. Онда Қазақ Ұлттық Өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева қобыз бен скрипканың сүйемелдеуімен Қорқыттың күйлерін орындайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі фольклорлық музыкалық өнер фестивалінің ашылу қарсаңында өткен баспасөз конференциясында мәлім болды.
Фестивальдің меймандары мемлекеттік рәміздер аллеясында, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болып, қаланың көрікті жерлерні аралап көрді. Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклін тамашалады.  
«Осымен 4-ші рет Ел Президентінің қолдауымен Қызылорда облысы әкімдігі және Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлескен фольклорлық музыкалық өнер фестивалі ұйымдастырылуда. Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата мемориалды кешенінде гала-концертпен қорытындыланады», - деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ержан Әбдрахманов.
Түркия елінен келген Хаджеттепе университетінің профессоры Озкул Чобаноглы: - «Дәдә Қорқыт туралы болашақ ұрпақ тануы керек. Барлық түркі елдер мемлекеттердің білім жүйесіне Қорқыт туралы пән енгізілсе деген ұсынысымыз бар», - деп ойын білдірді.
Бағдарлама барысында фольклортанушы ғалымдар студенттерге шеберлік дәрістерін өткізеді. Сонымен қатар, олар Қармақшы ауданындағы этноауылдың қонағы болады.


Жаңалықтармен бөлісу: