Өзбекстан Аралды құтқаруға $3 млрд бағыттайды

Күні: 13:15, 29-12-2014.

Тәшкен. 29 желтоқсан. ҚазТАГ – Өзбекстан үкіметі Арал теңізі аңғарының маңындағы экологиялық апат салдарын жұмсартуға $3,05 млрд бағыттамақ, деп көрсетілген ел үкіметінің дүйсенбі күні жариялаған қаулысында.
Құжат арқылы жалпы құны $2,971 млрд тұратын 16 ұлттық жобалар тізімі мен жалпы құны $80,2 млн болатын өңірлік жобалар тізімі бекітілді. Жобаларды қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының $2,15 млрд көлеміндегі қарыздары мен өзбек тарапының жеке қаражаттары есебінен жүзеге асырылатын болады.
Көрсетілген қаражаттарды бөлу туралы келісімге қазан айының соңында Үргеніште (Өзбекстанның Арал маңындағы облыс орталығы) «Арал теңізі аңғарының маңындағы экологиялық апат салдарын жұмсарту бойынша ынтымақтастықты дамыту» атты халықаралық конференцияның өткізілу барысында қол жеткізілген. Конференцияның ұйымдастырушылары халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) мен үкімет болды.
Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында, ортаазиялық шөлдердің ортасында орналасқан Арал теңізі 1960 жылға дейін әлемде көлемі жөнінен төртінші көл болған. Алайда соңғы 40 жылда теңіздің аумағы іс жүзінде екі есе қысқарып, су деңгейі 18 метрге төмендеді, теңіздегі су көлемі бес есе азайып, оның тұздылығы ұлғайды, балығы жоғалды.
ХАҚҚ құрушылары 1993 жылдың қаңтарында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан болды. 2008 жылдың желтоқсан айынан бері ХАҚҚ БҰҰ бас ассамблеясында бақылаушы мәртебесіне ие. ХАҚҚ мүше-мемлекеттерінің 2003-2010 жылдардағы жобалардың жүзеге асырылуына деген жалпы салымы $2 млрд-тан асаны құрады. Қазіргі таңда ХАҚҚ атқарушы комитетінің БҰҰ жүйесіндегі ұйымдармен, Дүниежүзілік банкпен, Азия даму банкімен, Еуропалық одақпен, бірқатар донор елдердің үкіметтерімен ынтымақтастықта 2011-2015 жылдарға арнап жасап шығарылған үшінші бағдарламаның жүзеге асырылуы жүріп жатыр. Бағдарламаға қосылған 300-ден астам жобаны жүзеге асыруға $8,5 млрд-тан аса қаражат қарастырылуда.


Жаңалықтармен бөлісу: