Жаңа жылдық корпоративті Астана Т7-30 мыңға, Алматыда – 5,5 – 80 мыңға тойлауға болады

Күні: 16:24, 09-12-2015.

Астана/Алматы. 9 желтоқсан. ҚазТАГ – Мирхат Әжіғалиев/Данияр Дәуітәлиев. Жаңа жылдық корпоратив Алматы мейрамханаларында адам басына Т5,5 мыңнан Т80 мың  аралығында болатынын ҚазТАГ агенттігінің тілшілері жүргізген мониторингі көрсетіп тұр.
Мысалы, Алматының Алмалы ауданында орналасқан мейрамханада жаңа жылдық корпоратив құны 25-29 желтоқсан аралығында адам басына Т12 мыңнан. Мәзірде тіске басардың екі түрі, 3 түрлі салат, 2 ыстық тағам, сусындар, бірақ спирттк ішімдіктерсіз және десертсіз. Осы сомаға шоу-бағдарлама да кіреді.
Қала ортасында, Фурманов көшесінде орналасқан мейрамханада кеш адам басына Т13-Т14 мыңнан. Дастархан мәзірі 3 салат, салқын тіске басардың 3 түрінен, 2 ыстық тамақ пен тіске басарлардан, салқын сусындар мен шәй, нанның түрлерінен, десерттің 3 түрінен және жемістерден тұрады. Осы сомаға шоу-бағдарлама кіреді. Онда жүргізуші, вокал, дискотека болып, конкурстар өткізіледі.  
Алматының дәстүрлі түрде арзан деп есептелетін төменгі жағындағы мейрамханаларда кеш өткізу адам басына  Т5,5-Т11 мың керек. Дастархан мәзірі 2 ыстық тағам, 6 салат, 3-4 салқын тіске басар, сусындардан тұрады. Шоу-бағдарлама Т7,5 мыңдық пакетте бар. Сондай-ақ қонақтарға жаңа жылдық сыйлықтар да қарастырылған.  
Алматыдағы Достық даңғылының жоғарғы жағында орналасқан мейрамханаларда жаңа жылдық корпоративте Т25 мың тұрады. Осы соманың ішінде өз қалауыңыздағы мәзір мен шоу-бағдарлама кіреді. Тура жаңа жыл қарсы алатын түні ондағы баға адам басына Т80 мыңға дейін жетеді, ол соманың жартысы дастархан мәзіріне кетсе, жартысы шоу бағдарламаға кетеді және сома үстелдің орналасуына қарай өзгеріп тұрады.  
Осы мониторингті жүргізген сәтке барлық мейрамханаларда бос күндер мен орындар бар болып шықты.
Өз кезегінде Астананың сол жағалауында орналасқан мейрамханаларда жаңажылдық корпоратив бағасы адам басына Т26 мыңды құрайды. Дастархан мәзірі салқын тіске басар мен салаттардың 4 түрінен, 2 порциядан, жемістерден, бірнеше ыстық тағамдардан, тандыр булочкалардан тұрады. Он адамға тапсырыс берілсе осы сомаға клиенттің қалауынша алкоголь да кіреді.
Туран көшесінде орналасқан мейрамханада адам басына Т25 мың тұрады және оның Т5 мыңын шоу-бағдарламаға, ал Т20 мыңына сізге мәзір таңдауды ұсынады.
Елорданың оң жағалауындағы мейрамханаларда баға арзандау. Мысалы, Иманова көшесіндегі мейрамханада корпоратив бағасы адам басына Т19 мың тұрады. Ол соманың Т7 мыңы шоу бағдарламаға кетеді. Дастархан мәзірі айтарлықтай әр түрлі, бірақ клиенттерге Т12 мыңға мәзірді өздері таңдауды ұсынады.
Темір жол вокзалының маңындағы мейрамханада ең арзан баға, адам басына Т7 мың болды. Ол соманың Т2 мыңын шоу-бағдарламаға беру керек. Мәзірде 2 салқын тіске басар, 3 салат, 2 ыстық тағам бар.
Бес жұлдызды отельдің мейрамханасы 10 адамға депозит сомасы Т300 мың болатын Vip-зал ұсынады, шоу-бағдарлама жоқ, дастархан мәзірін өзіңіз құрастырасыз.
Жалпы алғанда, «Қонақжайлық индустриясы қауымдастығы» ЗТҰ президенті Гүлнәр Кенееваның айтуынша, Қазақстанда кафелер мен мейрамханалардың қызметіне сұраныс 15-20% төмендеді. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану мекемелері мен көңіл көтеретін мекемелерде өткізілетін корпоратвитер мен мерекелердің саны азайды.
«Адамдар ойлана бастады, осындай той-томалақтар керек па деп, себебі халықта кіріс төмендеп, дағдарыс белгі бере бастады», - дейді сарапшы.
Бұл ретте, Г. Кенееваның айтуынша, мекемелер бағаның қымбаттауына жол бермеуде және клиенттерді жоғалтып алмас үшін оларға өздерінің шығындарын азайтуына тура келіп отыр.
«Мейрамханалар мен дәмханалар бағаны көтермеуге тырысуда, себебі онсыз да оларда кіріс түсіп кетті. Мен, олар, барлығы секілді шығын көріп жатыр деп ойлаймын. Биыл олар өздерінің шығындарын қысқартты, айталық, ыдыс-аяқты алмастыруға, немесе ғимаратты жөндеуге», - деді ол.
Келешекке болжам туралы сарапшы, барлығы да экономикалық жағдайға байланысты деп айтты.


Жаңалықтармен бөлісу: