Жанболат Ағаділді өлтірген болуы мүмкін күдіктілер туралы ақпарат пайда болды, полиция түсінік берген жоқ

Астана. 11 қараша. ҚазТАГ – Жанболат Ағаділдің – тергеу изоляторында қайтыс болған саяси белсенді Дулат Ағаділдің ұлын өлтірген болуы мүмкін күдіктілер туралы ақпарат пайда болды, алайда полиция оған түсінік бермей отыр, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Менің түсінуімше, бұл Ағаділдің кішісін өлтіргендер», - деп жазған сәрсенбі күні белгілі қазақстандық журналист Михаил Козачков Telegram-каналында. Ол хабарламасына күдіктілердің болжалды суреттерін де қоса салған.
Құжатта ҚР ҚК 99 бабы (адам өлімі) бойынша күдіктілер ретінде 1999 жылы туған Рахмет Өміржан Сағынғалиұлы мен 2001 жылы туған Жұмақан Азамат Ержанұлы көрсетілген.
Редакция құжат көшірмесін оны растау үшін Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің ресми электронды поштасына және WhatsApp мессенджері арқылы да жіберді. Осы материал жазылып жатқанда ешқандай хабар келген жоқ, десек те баспасөз қызметінің өкілі WhatsApp арқылы сауалды алған, ашқан және «желіде» отырды. Атап өтелік, ҚазТАГ ХАА редакциясы Нұр-Сұлтан Полиция департаменті баспасөз қызметіне Жанболат Ағаділдің қазасы туралы белгілі болған сәттен бастап хабарласуға тырысуда. Алайда баспасөз қызметінің қалалық та, ұялы да телефондары жауап бермеді. Бұл елордалық полиция баспасөз қызметінің тарапынан орын алып отырған алғашқы жайт емес.
Агенттік елорданың Сарыарқа ауданы полиция басқармасымен осы жағдайға байланысты хабарласты, алайда олар құжатқа түсінік беруден бас тартып, журналистке сотқа дейінгі тергеу мәліметтерінің жариялауға жатпайтынын айтқан. Еске салсақ, 10 қарашада пышақ жарақатынан Нұр-Сұлтанда Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ қаза тапты. Полицияның мәліметінше, оқиға төбелес барысында орын алған. ҚР ҚК 99 бабы 2 бөлімі (адам өлімі) және 293 бабы 3 бөлімі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

adimage