Қарағанды. 10 қараша. ҚазТАГ - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Жезқазған қаласында әйгілі қолбасшы және ақын Кетбұқаға ескерткіш орнатылды, деп хабарлады облыс әкімінің ресми сайты.
Кетбұқа – Шыңғыс ханның замандасы. Тарихта оның есімі әйгілі қолбасшы және ғұлама домбырашы ретінде қалған. Ол Шыңғыс ханның үлкен үлы Жошының өлімін домбыра арқылы «Ақсақ құлан» күйін орындап жеткізген.
Осыдан төрт жыл бұрын Жезқазған қаласында «Қазақтың Кетбұқасы» атты қоғамдық бірлестік қалыптасқан. Осы уақыт аралығында ұйым мүшелерінің арқасында «Абыз тұлға - аңыз тұлға Кетбұқа» және «Ұлылыққа тағзым - ұрпаққа тағлым» атты жинақтар жарық көрген. Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев «Кетбұқа. Аталық жырау» кітабын жазған. Профессор, күйші Жанғали Жүзбаев Кетбұқаның жиырмаға жуық туындыларын жинап, күйтабаққа жазып, музыкалық жинақ жасаған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінде «ХХ-ХІІІ ғасырлардағы түркі тілдес әлем тарихы және ондағы Кетбұқаның рөлі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Бұл шаралардың барлығы тарихи тұлғаның есімін әйгілеу мақсатында ұйымдастырылған.
- Бүгін Жезқазғанда тек біздің облыстың белгілі тұлғалары ғана емес, басқа аймақтардан да құрметті қонақтар жиналып отыр. Мен сіздерге өз жерлестеріміздің атынан үлкен алғысымды білдіргім келеді, - деді облыс әкімі Ерлан Қошанов ескерткіштің ашылу салтанатында. – «Ұлт» және «құндылық» деген сөздердің әлемде мыңдаған мағынасы бар. Біздің құндылығымыз – ол біздің тарихымыз, біздің ата-бабаларымыз бен халқымыздың ғұлама тұлғалары. Біз оларды дәріптеуіміз керек.
Ескерткішті ортанушы бастамашылар бұл тек игілікті шаралардың басы ғана дейді.
- Ескерткіштің ашылуы, Кетбұқаға арналған соңғы шара емес деп ойлаймын, - дейді «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкіров. – Ол ғұлама адам болған. Мысалы, Ош қаласында Кетбұқаны өте дәріптейді – көптеген мәдениет ошақтары мен білім ордаларында ақын бейнеленген плакаттар ілініп, байқаулар өткізілген. Біз де өз тарапымыздан жастарға ақпарат жеткізуге тырысып жатырмыз. ОҚО-нан бір топ бастамашылар қолбасшының шайқасқа қатысып, көз жұмған, жерленген жерінен топырақ алып келді. Енді оны Жошы хан кесенесінің маңындағы стеланың жанына апарамыз.
Кетбұқа ескерткіші гранит тұғырда орналасқан қоладан құйылған ат үстіндегі қолбасшыны бейнелейді. Ескерткіштің жалпы биіктігі - 10,5 м. Мүсіннің авторы Асқар Нартов. Ескерткішті жасау және орнатуға 81 млн теңге жұмсалды. Ол қаражат «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ қорына жиналған қаржы есебінен өтелді.
Қатысты сілтемелер
-
Бекетаевпен және Байбекпен байланысты фирма басшысы тергеуге алынды
3 Қыркүйек 2024, 11:51 -
Тоқаев АЭС құрылысы бойынша 6 қазанда референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды
3 Қыркүйек 2024, 11:49 -
Жоғарғы сот Назарбаевтың байлығы туралы істі қараудан бас тартты
20 Тамыз 2024, 09:46