ҚЖО шақыртуымен ондаған ресейлік журналист Қазақстанға келді

Астана. 30 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан журналистер одағының (ҚЖО) шақыртуымен ондаған ресейлік журналист Қазақстанға келді, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Астанаға Саха Республикасынан (Якутия) Якутия Журналистер одағының төрағасы Галина Бочкарева бастаған 25 адам келді. Якутиялық БАҚ өкілдері Қазақстан журналистер одағының шақыртуымен келді», - деп хабарлады сейсенбіде агенттік тілшісіне ҚЖО елордалық филиалының төрағасы Шархан Қазығұлов.
Нұр-Сұлтанда қонақтар Хазрет Сұлтан мешітіне, «Бәйтерек» ескерткішіне, №83 мектепке, №54 «Нурай» балабақшасына барады. Сонымен қатар бағдарламада Ұлттық мұражайды, Назарбаев Университетін, «Қазақстан» телеарнасын, «Астана Опера» театрын және басқа да нысандарды аралау бар. Одан ары қарай Якутия журналистері Шымкентке, Отырарға, Түркістанға барады, олардың мәдени-тарихи нысандарымен, киелі жерлерімен танысады.
«Якутиядан келген журналистерді Қазақстандағы білім беру жүйесі, халықтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары қызықтырады», - деп түсіндірді ҚЖО елордалық филиалының басшысы.
Алматыда якутиялық журналистер «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортына, «Медеу» мұз айдынына, М.Әуезов ат. театрға, Үлкен Алматы көліне (ҮАК) және басқа да нысандарға барады деп күтілуде. 8 мамырда Якутиядан келген журналистер 28 гвардияшыл-панфиловшылар саябағына, Қазақ ұлт аспаптар мұражайына және Әулие – Вознесенский кафедралдық шіркеуіне барады.
«Ресейлік журналистер делегациясы Қазақстанда барлығы 10 күн болады», - деді Қазығұлов.

adimage