Жолбарыстарды Қазақстанға қайтару елдің биоәркелкілігін арттырады, деп есептейді сарапшы

Күні: 15:40, 27-11-2014.

Астана. 27 қараша. ҚазТАГ - Мәдина Әлімханова. Жолбарыстарды Қазақстанға қайтару елдің биоәркелкілігін арттырады, деп есептейді «Қазақстан ұлттық географиялық қоғам» РҚБ кеңесі басқармасының төрағасы Қанат Байғарин.  
«Біз өте елеулі бастаманы – жолбарыс - бастамасын көтеріп отырмыз. Иә, жолбарыстарды Қазақстанға қайтару жобасы – намыс жобасы. Бірақ, жолбарыстар Ресейде, басқа да елдерде бар ғой. Жолбарыстар Иранға оралды. Сондықтан бұл жоба тек намыс үшін жасалып отырған жоба емес, ол сонымен қатар Қазақстанның биоәркелкілігін арттыратын жоба», - деді Қ. Байғарин бейсенбі күні брифингте.
Өз кезегінде Қазақстан биоәркелкілігін сақтау қауымдастығының директор орынбасары Сергей Скляренко жобаны іске асыру үшін жолбарыстар мекен еткен экожүйені қалпына келтіру керек деп түсіндірді.
«Жобаның бірқатар міндеттері бар. Негізгісі – ол жолбарыстарды сырттан әкелу емес, осында еркіндікке жіберу. Ал ең күрделі міндет – жолбарыстар мекен ететін экожүйені қалпына келтіру. Онсыз ешқандай жолбарыс болмайды. Экожүйені қалпына келтіру көпжылдық жұмыс. Сондықтан жоба кем дегенде 20 жылға есептелген», - деді ол.  
С.Скляренконың айутынша, алғашқы жолбарыстарды 2020 жылдан бұрын «алу» мүмкін емес.
«Бұл ретте жұмысты дайындау бөлігі 5-7 жылды алуы мүмкін. Бәрі жақсы болған күннің  өзінде біз алғашқы жолбарыстарды 2020-2021жылдары ғана «аламыз». Ол іске асуы үшін Іле өзенінің атырауында ерекше қорғалатын аумақ құру керек, оны күзетуді жөнге қою керек, аша тұяқты жабайы жануарлардың (қабан, елік, қара құйрық т.б.) санын арттыру керек», - деді ол.


Жаңалықтармен бөлісу: