Алматы. 29 наурыз. ҚазТАГ – «Қаламқас» кен орнындағы өрт тұтанған ұңғыманы жабу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлады «ҚазМұнайГаз» ҰК.
«Қазіргі кезде нысанда қайта қалпына келтіру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мамандар алдағы уақытта осындай төтенше жағдайлардың алдын алу үшін жан-жақты техникалық сараптамалар жүргізілетін болады. Сараптамалардың нәтижесі бойынша, Қаламқас кен орнының орталық бөлігіндегі ұңғымаларды жобалау кезінде бұрғылау ұңғымаларында жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігін және сапасын қамтамасыз ету үшін арнайы түзету шаралары қабылданатын болады»,- делінген жұмада Маңғыстау облысы өңірлік коммуникация қызметі таратқан «ҚазМұнайГаз» хабарында.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Жақып Марабаев өз сөзінде пайда болған өрт – бұл Қаламқас кен орнын игеру жағдайына тән құбылыс екенін атап өтті.
«Әрине, біз қашанда осындай оқиғаларға дайын болуымыз керек – бұл үшін осы сияқты қауіп-қатерлер туындаған кезде уақтылы және сапалы әрекет ету бойынша арнайы регламенттер әзірленген. Мұндай жұмыстарға біліктілігі аса жоғары, өндірісті жете білетін және мол тәжірибесі бар мұнайшы-мамандар қажет екенін баса айтқым келеді. 8237 ұңғымадағы өртті ауыздықтау үшін еңбек еткен барлық әріптестеріме алғыс білдіремін. Олардың отбасы мүшелеріне айтарым – енді қауіп жоқ, уайымдамаңыздар», - деді Марабаев.
Еске салсақ, 25 наурызда сағат 07.10-да Маңғыстау облысы ТЖД кезекші-диспетчер қызметіне Маңғыстау ауданы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ «Қаламқас» мұнай кен орнындағы ұңғымалардың бірінде 900 ш.м. алаңда ашық өрт шыққан. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрт сөндіру орнында Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Қуанар Базарбаевтың жетекшілігімен жедел штаб ұйымдастырылды.
26 наурызда «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ баспасөз қызметінен кен орнында шыққан өртті өрттің негізгі көзіне апаратын кірме жолдардың болмауынан сөндіру мүмкін болмай жатқанын хабарлаған еді.
Өрттің шығуына бұрғылау ұңғымасындағы апат себеп болған. Атап айтсақ, 24 наурызда белгілі болғандай, 13 наурызда сағат 17.30-да «Қаламқас» кен орнында «Си Бу» Инженерлік Бұрғылау Компаниясы» ЖШС (Ақтау) жобалық тереңдігі 903 м №8237 ұңғымасын бұрғылау кезінде газ-су қоспасының атқылауы орын алған. Қазақстан энергомині апаттың салдары 24 наурыз кешке дейін жойылады деп мәлімдеген еді.
26 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қаламқастағы» жағдайды жеке бақылауына алғанын мәлімдеген еді.
28 наурызда энергомині кен орнындағы өрттің сөндірілгенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, ведомствода хабарлағандай, «Қазгидромет» РМК кен орны аймағындағы топырақ пен атмосфералық ауадан, кен орны аумағындағы Каспий теңізінің суынан жоспардан тыс сынама алған. Энергоминінде мәлімдегендей, шекті нормадан асқан зиянды заттар анықталмаған.
«ҚазМұнайГаз» ҚК АҚ (ҚМГ) жағдайға түсінік бере келе, «алдын -ала ақпар бойынша материалдық шығын да көп емес» деп мәлімдеді.
«Қаламқас» кен орнындағы өрт тұтанған ұңғыманы жабу жұмыстары жүргізілуде
