«Қаламқастағы өрт»: өрт басқа ұңғыманы шарпыды

Күні: 18:37, 26-03-2019.

Астана. 26 наурыз. ҚазТАГ – Баубек Қоңыров. «Қаламқас» кен орнындағы өрт басқа ұңғыманы шарпыды, деп мәлімдеді энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов.
«Өртті сөндіру кезінде оны тоқтатуға әрекет жасалды, алайда өрт шыққан негізгі жерге кірме жолдардың болмауынан оны сөндіру мүмкін болмады. Бүгін сағат 13.30-да оттың №8237 ұңғыманы шарпығаны туралы хабар келіп түсті», - деп хабарлады Ақшолақов сейсенбі күні орталық коммуникация қызметінің брифингінде.
Ол бұрғылау жүргізілген ұңғыманың әлі пайдаланылмағанын жеткізді.
«Ол әлі өзінің жобалық тереңдігіне жеткен жоқ, оның жобалық тереңдігі шамамен 900 метр. Мен сипаттаған жайттар шамамен 422-450 метр аралығында болған. Сәйкесінше, бұл екі емес, жанып жатқан бір ұңғыма», - деп түсіндірді вице-министр.
Жалпы оның ақпарынша, 25 наурызда сағат 5.46-да «Қаламқас» кен орнында газ-су қоспасының көзі өртенген, алғашқы өрт сөндірушілер 5.58-де келіп жеткен, 25 наурыз сағат 14.30-да Ақтаудан 6 өрт сөндіру қызметі, 4 автоцистерна, 1 жылжымалы сорғы стансасы, 1 газ-су сөндіру өрт автомобилі келіп жеткен.
«Қазіргі таңда өрт шыққан жерде облыстың ТЖД 12 бірлік техникасы мен жеке құрамының 53 адамы, сондай-ақ «Семсер-Өрт сөндіруші» және «Fire Protection» компаниясының қызметкерлері жұмылдырылған» , - деді Ақшолақов.
Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккердің айтуынша, ТЖ орын алған жердегі жел де жағдайды қиындатып тұр, оның екпіні кейде 15 м/с дейін жетеді екен, сондықтан қабылданған шаралар өртті сөндіруге мүмкіндік бермей жатыр.
«Ақтаудан ТЖ шыққан жерге дейінгі қашықтық шамамен 300 км. Ақтаудан да сәйкес техниканы жіберу туралы шешім қабылданды, тағы да үш автомобиль. Астана уақытымен сағат 18.00-де қосымша күштер келіп жетеді деп күтіп отырмыз, өртті сөндіруге тағы бір талпыныс жасалатын болады. Мынаны айтайын, бұл қатардағы өрт емес, бұл барынша ірі өртке жатады. Себебі оған түрлі химиялық қоспалар қосылады, от лебінің температурасы да жоғары», - деп түсіндірді Беккер.
Еске салсақ, 25 наурызда сағат 07.10-да Маңғыстау облысы ТЖД кезекші-диспетчер қызметіне Маңғыстау ауданы «МаңғыстауМұнайГаз» АҚ «Қаламқас» мұнай кен орнындағы ұңғымалардың бірінде 900 ш.м. алаңда ашық өрт шыққан. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрт сөндіру орнында Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Қуанар Базарбаевтың жетекшілігімен жедел штаб ұйымдастырылды.
26 наурызда «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ баспасөз қызметінен кен орнында шыққан өртті өрттің негізгі көзіне апаратын кірме жолдардың болмауынан сөндіру мүмкін болмай жатқанын хабарлаған еді.
Өрттің шығуына бұрғылау ұңғымасындағы апат себеп болған. Атап айтсақ, 24 наурызда белгілі болғандай, 13 наурызда сағат 17.30-да «Қаламқас» кен орнында «Си Бу» Инженерлік Бұрғылау Компаниясы» ЖШС (Ақтау) жобалық тереңдігі 903 м №8237 ұңғымасын бұрғылау кезінде газ-су қоспасының атқылауы орын алған. Қазақстан энергомині апаттың салдары 24 наурыз кешке дейін жойылады деп мәлімдеген еді.


Жаңалықтармен бөлісу: