Қазақстан президенті сайлауы кезіндегі құқықбұзушылықтар туралы 36 іс сотқа жолданды - ҚР бас прокуратурасы

Астана. 20 маусым. ҚазТАГ – Қазақстан президенті сайлауы кезіндегі құқықбұзушылықтар туралы 36 іс сотқа жолданды, деп хабарлады ҚР бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.
«Сайлау кезеңінде прокуратурамен 36 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, сотқа жіберілді. Олардың 30-ы соттармен қаралды, 6-ы қаралуда», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, басқа адамдар үшін дауыс беру мүмкіндігін жасау мақсатында азаматтарға бюллетеньдер бергені үшін учаскелік сайлау комиссиясының 11 мүшесі ӘҚБтК-нің 110-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Оларға 25 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
«9 сайлаушыға тең сайлау құқығы туралы талапты бұзғаны үшін ӘҚБтК–нің 108–бабы бойынша айыппұл салынды (бір сайлаушы - бір дауыс - бір бюллетень). Негізінен олар отбасы мүшелері үшін бюллетеньдер алған. Бұл Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының, Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары. Осындай 4 іс Жамбыл облысының мамандандырылған әкімшілік сотының қарауында», - делінген хабарда.
Прокуратура органдарымен бірқатар БАҚ-та, сондай-ақ әлеуметтік желілерде жарияланған бюллетеньдер салу мен өзге де бұзушылықтар туралы бейнежазбалар бойынша тексеріс жүргізілуде.
«Мәліметтердің көпшілігі расталмады. Көптеген бейнежазбаларда оқиғалар болған учаскелер, аудан, қала, облыс туралы деректердің жоқтығына байланысты қалған фактілер бойынша жұмыстар одан әрі жалғасуда. Тексеру қорытындысы бойынша заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту үшін материалдар сотқа берілетін болады», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 9 маусымда Қазақстанда сайлау учаскелеріндегі көптеген бұзушылықтар мен Нұр-Сұлтан мен Алматыда митингке шыққандардың жаппай ұсталуы фонында президент сайлауы өтті. Сайлау жеңімпазы болып қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев танылды. Оны ұлықтау рәсімі 12 маусымда өтті.
Алматы мен Нұр-Сұлтандағы митингілер мен ұстаулар 9-13 маусым аралығында өтті. Елорда алаңы мен Алматыда ҚР ІІМ ақпарынша сол күндері 4 мыңға жуық адам ұсталды.

1 АЕК = Т2525.

adimage