Қазақстанда болашақ адвокаттар, нотариустар мен ЖСО тестілеуден өтуі ақылы болады

Күні: 18:08, 20-12-2018.

Астана. 20 желтоқсан. ҚазТАГ – Қазақстанда болашақ адвокаттар, нотариустар мен ЖСО тестілеуден өтуі ақылы болады, деп хабарлады әділет министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Тестілік тапсырмаларды Республикалық адвокаттар алқасы, Республикалық нотариаттық палатасы және Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы дайындайтын болады. Бұдан бөлек, үміткерлерді тестілеу ақылы негізде жүргізіледі», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Ведомствода түсіндіргендей, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және өзін-өзі реттеуге кезең-кезеңмен өткізу мақсатында, Әділет министрлігі адвокаттық, нотариаттық және жеке сот орындаушысы қызметтеріне үміткерлерді аттестаттау тәртібін реформалауды ұсынады.
«Қазіргі уақытта адвокаттар алқасында, нотариаттық палатада және жеке сот орындаушылар палатасында тағылымдамадан сәтті өткен тұлғалар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардыңаумақтық әділет органдарының жанында құрылатын тиісті комиссияларда аттестаттаудан өтеді», - деді министрлікте.
Алайда, әділет министрлігінде атап өткендей, «бұл процесті ұйымдастыру ерекше сипатқа ие және озық технологиялық инфрақұрылымды және арнайы оқытылған кадрларды қажет етеді».
«Тестілеуден өткізуді «Мемлекеттік қызмет персоналын басқарудың ұлттық орталығы» АҚ базасында және тестілеудің өңірлік орталықтарында жүзеге асыру ұсынылады», - делінген хабарда.
ҚР ӘМ мәлімдеуінше, «бұл мекеме тестілеуді бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге, енгізуге және техникалық сүйемелдеуге, сондай-ақ тестіленушілердің құзыретінің деңгейін растауға тиімді тәжірибе мен қажетті ресурстарға ие».
«Бұл бастама сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп қана қоймай, аттестаттаудың ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді әділет министрлігінде.


Жаңалықтармен бөлісу: