«Қазақтелеком» мен ұялы байланыс операторларына тергеу жүріп жатыр, Қазақстанда жұмыс істегісі келмеген «Болашақ» түлегінің өтініші қабылданбайтын болды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 22 мамыр. ҚазТАГ – «Қазақтелеком» мен ұялы байланыс операторларына тергеу жүріп жатыр, Қазақстанда жұмыс істегісі келмеген «Болашақ» бағдарламасы түлегінің өтініші қабылданбайтын болды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

ШҚО-да заңсыз алтын қазғандар ұсталды

Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері өңір аудандарының бірінде бағалы пайдалы қазбаларды заңсыз өндірген адамдар тобын анықтады, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ақпаратқа сәйкес, заңсыз әрекеттерді толық тіркеу мақсатында жедел уәкілдер ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратын пайдаланып, заңсыз жұмыстар жүргізілген жердің нақты орнын анықтады. Жедел іс-шаралар нәтижесінде оқиға орнында алты адам ұсталды.

Тергеу кезінде мыналар тәркіленді: бір экскаватор, үш металл іздегіш құрылғы, екі автокөлік және топырақ үлгілері.

«Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жерасты ресурстарына келтірілген залалдың мөлшерін анықтау үшін тиісті сараптама тағайындалды», – делінген хабарламада.

«Қазақтелеком» мен ұялы байланыс операторларына тергеу жүріп жатыр

Бұл туралы бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Болат Сәмбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.

Оның айтуынша, агенттікке ұялы байланыс пен интернет қызметтері бағасының өсуіне байланысты азаматтардан көп шағым түсуде.

«Сымды интернет нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне жоспарлы талдау жүргізу барысында «Қазақтелеком» АҚ тарапынан үй интернетіне монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері анықталды. Қазіргі таңда осы факті бойынша тергеу жүріп жатыр», - дейді Болат Сәмбетов.

Сонымен қатар ұялы байланыс операторларына қатысты да тергеу басталған.

Таразда шенеунік пен мердігер әлеуметтік тұрғын үй құрылысына бөлінген қаржыны ұрлаған

Тараз қалалық соты қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрбол Қалдыбаевты және мердігер ұйымның өкілі Олжас Ерболатұлын соттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Антикор мәліметінше, Нұрбол Қалдыбаев – әлеуметтік осал топтарға арналған көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына бөлінген қаражат бойынша жалған актілерге қол қойып, заңсыз ақша аударған. Ал, Олжас Ерболатұлы – мемлекеттік қаражатты жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Олардың қылмыстық әрекетінің нәтижесінде мемлекетке Т519 млн-нан астам шығын келтірілді.

Қазақстанда жұмыс істегісі келмеген «Болашақ» бағдарламасы түлегінің өтініші қабылданбайды – сот

«Болашақ» бағдарламасының түлегі қызметін Қазақстан аумағынан тыс жерде өтеу туралы Конституциялық сотқа жүгінген, деп хабарлайды Тurkystan.kz.

Өтініш берген түлек «Болашақ» бағдарламасының түлектері оқуын аяқтағаннан кейін Қазақстан аумағында қызметін өтеу талаптарымен келіспейді. Дәлел ретінде ол еңбек қызметін қашықтықтан жүзеге асыру форматын көздейтін Еңбек кодексін көрсеткен.

Алайда Конституциялық сот «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқыту тараптардың өзара келісімі бойынша оқу басталғанға дейін жасалатын азаматтық шарт негізінде жүзеге асырылатынын айтты.
Мұндай келісім тараптардың, оның ішінде оқудан кейін тікелей Қазақстан Республикасының аумағында қызметін өтеу жөніндегі міндеттемелерді алдын ала ерікті түрде қабылдауын көздейді.
Осылайша, сот қызметін өтеу жөніндегі ережелер нормасының Конституцияға сәйкестігін тексеру үшін негіздер жоқ деп шешім шығарды.

Фото көзі: 2gis.kz


adimage