«Қазақтелеком» монополиялық жоғары баға белгілеген деген күдікке ілінді
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстандағы интернет бағасына байланысты «Қазақтелекомға» қарсы тергеу жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлады El.kz.
«Талдау аясында байланыс операторларының интернет қызметтеріне бағасының динамикасы да зерттелді. Талдау нәтижелері бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның іс-әрекеттерінде тауарға монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері анықталды. Осыған байланысты агенттік бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды тергеп-тексеру рәсімін бастады», – делінген агенттіктің хабарламасында.
«Қазақстандық зейнетақы жүйесі халықаралық рейтингте көш бастап тұр»
Сақтандыру саласындағы Allianz жетекші компаниясы өзінің Allianz зейнетақы индексін пайдалана отырып, 71 елдің зейнетақы жүйесі талданған жаһандық зейнетақы есебінің жаңа басылымын шығарды, деп хабарлайды Aikyn.kz.
Онда Қазақстан Аустрия, Испания, Чили, Сингапур, Гонконг, Қытай және басқа да көптеген елден озып, 26-орынға орналасты. 2023 жылы Қазақстан индекстегі 75 елдің ішінде 34-орынға ие болған еді.
«Арғын Ниғматулинге қатысты істің егжей-тегжейі неге жарияланбайды?»
Арғын Ниғматулинге қатысты істің мәліметтерін бас прокуратура жарияламайды, деп хабарлайды Orda.kz.
Антикордың ресми өкілі Данияр Биғайдаровтың мәлімдеуінше, 7 желтоқсаннан бастап іс бас прокуратураға берілгендіктен, тергеу жайлы толық ақпарат жарияланбайды.
«Іздеу шаралары біздің құзыретімізде, жедел іс-шаралар жалғасып жатыр. Алайда, өкінішке қарай, тергеу мәліметтерін жариялау Ниғматулиннің жасырынып қалуына әсер етуі мүмкін», – дейді Биғайдаров.
«Медеу» мұз айдыны осы сырғанау маусымынан кейін бірнеше жылға жабылады
Алматы қаласының құрылыс басқармасы биылғы маусымнан кейін «Медеу» жөндеу жұмыстарына жабылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
Реконструкция жұмыстарын 2025-2027 жылдары аралығында жүргізу жоспарланған.
«Медеуді» жаңғырту жұмыстары EPC келісімшарты (Engineering, Procurement, Construction) шеңберінде осы жылы жоспарланған. Тиісінше, бұл маусым жөндеу жұмыстары алдындағы соңғы маусым болады. Жобаның құны мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін айқындалады», - делінген басқарма хабарламасында.
Фото көзі: Ашық дереккөз