Алматы. 21 ақпан. ҚазТАГ – Рүстем Құрманов «ҚазАгро» басқармасы төрағасының қызметінен босатылды, деп хабарлады ҚР премьер-министрінің сайтынан.
«Директорлар кеңесінің шешімімен Рүстем Жомартұлы Құрманов басқа жұмысқа ауысуына байланысты «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы қызметінен босатылды», - делінген хабарда.
Еске салсақ, 2019 жылдың 16 ақпанында Рүстем Құрманов Павлодар облысы әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалған еді.
«ҚазАгро» сайтында орналасқан ақпарға сәйкес, қазіргі таңда холдинг басқармасының құрамына қаржы жөніндегі басқарушы директоры Ельнар Жолдасов, құқықтық мәселелер жөніндегі атқарушы директор Жұмағали Мыңжасаров, активтер мен инвестициялар бойынша басқарушы директор Асылхан Жувашев, HR мәселелері бойынша басқарушы директор Гүлмира Раисова кіреді.
«ҚазАгро» баспасөз қызметінің ақпарынша, холдинг басқармасының төрағасы міндетін атқарушы болып Ельнар Жолдасов тағайындалған.
«КазАгро» Холдингі» АҚ басқармасы төрағасының міндетін уақытша атқару Жолдасов Ельнар Расылханұлына жүктелген», - делінген хабарда.
«ҚазАгро» басшысының орны босады
