«ҚазАтомӨндіріс» жұмыскерлері Тоқаевтан компанияға тексеру жүргізуді сұрап отыр

Астана. 16 сәуір. ҚазТАГ – «ҚазАтомӨндіріс» жұмыскерлері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан компанияға тексеру жүргізуді сұрап отыр, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Құрметті президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! Біз «ҚазАтомӨндіріс» ҰАК қарасты «Орталық» ЖШС-нің жылумен қамтамасыз ету және кәріз учаскесінің қарапайым жұмыскерлеріміз. Біздің сізден басқа көмек сұрайтын ешкіміміз болмағандықтан осындай іс қадамға барып отырмыз. Аталып отырған компанияда «Орталық» ЖШС жұмыскерлерінің заңды құқықтары аяққа тапталып, әкімшілік тарапынан зорлық-зомбылық көрудеміз. Біздер Елбасының (ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев - ҚазТАГ) трансформацияландыру бағдарламасы бойынша 2017 жылы «Таукен –Энергосервис» серіктестігіне көшкеннен бері проблемаларымыз басталып, күн бүгінге дейін жалпы ұжымды қарсылыққа әкеліп отыр. «Таукен-Энергосервис» ЖШС 2019 жылдың 1 ақпанынан бастап тендерді ұтып алып, келе салып біздің айлығымызды 50 процентке қысқартып, заң бұзып отыр. Разрядымызды төмендетіп тастады», - делінген әлеуметтік желіде тараған Тоқаевтың атына жазылған виедоүндеуде.
Олардың айтуныша, басшылық «ешқандай амал қолданбай отырса» керек.
«Олар қайда барсаңдар сонда барыңыздар, білгендіріңізді істеңіздер деп отыр. Біз енді амалымыздың жоғынан Сізге жүгінуге мәжбүрміз. Соған жәрдем беруіңізді сұраймыз. Әйтпесе бұл жерде сыбайлас жемқорлық, үкіметтің миллиондаған қаржысы жымқырылуда, біздің үндеуімізді, жан-айқайымызды ешкім естімейді. Сіз бізге көмектесіңіз. Осында тексеріс жүргізіп беруіңізді сұраймыз. Басқа органдарға да хабарласып, жазып жатырмыз, ешқандай көмек жоқ», - деді жұмыскерлер.
Олар Назарбаевтың бұған дейін зиянды жерде жұмыс жасайтындарға жағдай жасау керек, ол адамдардың құқықтары тапталмасын деп айтқанын еске салды. Алайда мұның ешқайсысы да орындалып жатқан жоқ дейді олар.
«Басқа шарамыз жоқ, алатын айлығымыз не кредитке жетпейді, не бала-шағамызға жетпейді. Қазір бәрі қымбат», - деді жұмыскерлер.
Олардың айтуынша, Түркістан облысы бойынша еңбек инспекциясы қызметкерлерінің жауабы оларды қанағаттандырмапты.
«Біз бұл жерде екі түрлі бухгалтерия жүргізіледі деп ойлаймыз. Сондықтан құзырлы органдарыңызды жіберіп, тексеріс жүргізуіңізді сұраймыз», - деді олар.
Жұмыскерлер Тоқаевтң олардың жан-айқайын еститініне үмітті.
«Өйткені бізге қатты қысым болып жатыр. Бізге жұмыстан кетіңдер дейді. Біз кетеміз жарайды, жұмыс табылады, бірақ осы жерге басқа адамдар келеді. Сонда олардың айлықтары қалай болады. Сондықтан сізден комиссия құрып, осы трансформацияға ұшыраған учаскелерді тексеруіңізді сұраймыз», - дейді олар.
Жұмыскерлердің айтуышна, барлық трансформациялар күйген.
«Құрметті президент, орталық ЖШС директоры Өмірбеков мырза, «Таукен энергосервис» ЖШС директоры Насырбаев мырза, «Беймарал» ЖШС директоры Нұрсейтов мырза, осы мекемелерге тексеру жіберулеріңізді өтінеміз. Әйтпесе жұмыскерлердің барлығы ашынып отыр. Алатын айлығымыз 60 мың. Ол неге жетеді? ««ҚазАтомӨндіріс» ҰАК төрағасы Пірматов мырза, бірінші орынбасары Ниетбаев мырза бәрін біледі. Бірақ ешқандай нәтиже шығармайды. Комиссия жібереміз деген. Қаңтардан бері жауап жоқ. Ол кісілерге бәрібір секілді. Жұмысшыларды ешкім ойламайды», деп аяқталған бейнеүндеу.

adimage