«ҚазМұнайГаз» төрағасының орынбасары тағайындалды

Астана. 22 қаңтар. ҚазТАГ – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары тағайындалды, деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметінен.
«2020 жылғы 21 қаңтардан бастап «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының стратегия, инвестициялар және бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары болып Абдулғафаров Дастан Елемесұлы тағайындалды. Ол ҚМГ ҰК Даму стратегиясының іске асырылуына, бизнес-жоспардың қалыптастырылуы мен орындалуына, инвестициялық жобалар портфелінің тиімді басқарылуына, сондай-ақ жаңа активтерді сатып алу жөніндегі мәмілердің жүзеге асырылуы мен қолданыстағы бизнес-бағыттарды кеңейтуге жауапты болады», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, бұған дейін Дастан Абдулғафаров «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Аппарат басшысы – даму жөніндегі басқарушы директоры қызметін атқарып келді.
«ҚМГ компаниялар тобында 17 жылдан астам қызмет етіп келеді. «ҚазМұнайТеңіз» ТМК» АҚ жаңа жобаларды дамыту департаментінің директоры, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры, бас директордың экономика және қаржы жөніндегі орынбасары лауазымдарында жұмыс атқарды», - деді баспасөз қызметінен.

adimage