Құланөтпес пен Соналы арасындағы жолға аудандық жол мәртебесін беру экономикалық тұрғыдан орынсыз – Скляр

Астана. 25 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары Қарағанды облысының автомобиль жолдарына қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.

«Нұра ауданының «Жараспай – Құланөтпес» автомобиль жолы аудандық маңызы бар жолдарға жатады және асфальт жабыны жоқ, топырақ қиыршықтасты жол болып табылады», - деп жауап берді Роман Скляр.

Оның айтуынша, ағымдағы жылы көктемде қардың еруі мен қарғын судың өтуі кезінде автомобиль жолының учаскесі шайылып, нәтижесінде жол төсемі зақымданған, бүгінгі таңда жол төсемі қалпына келтірілді.

«Қазіргі уақытта Нұра ауданының әкімдігі ақау актісін дайындауда, оның қорытындысы бойынша облыс әкімдігіне асфальт жабыны автожолға жөндеу жүргізуге арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу туралы өтінім жіберілетін болады», - деп мәлімдеді үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ ол, қажетті техникалық құжаттаманы әзірлеудің қорытындысы бойынша облыстық бюджет комиссиясында автомобиль жолына жөндеу жүргізуді қаржыландыру мәселесі қаралатынын айтты.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Құланөтпес пен Соналы ауылдарының арасындағы жол құрылысына қатысты, Қарағанды облысы әкімдігінің ақпараты бойынша бұл жол Нұра ауданының аудандық маңызы бар жолдар тізбесіне кірмейтінін, далалық жол болып табылатынын және ауыл тұрғындары оны жылдың жазғы уақытында ғана пайдаланатынын хабарлады.

Оның түсіндіруінше, аталған жол жеке тұлғаларға немесе шаруа қожалықтарына тиесілі, нысаналы мақсаты ауыл шаруашылығы дақылдарын егу және жануарларды жаю болып табылатын, жер учаскелері арқылы өтеді.

«Осыған байланысты, облыс әкімдігінің ұстанымын ескере отырып, Құланөтпес пен Соналы ауылдары арасында жол салу және оған аудандық маңызы бар жол мәртебесін беру экономикалық тұрғыдан орынсыз деп санаймыз», - деді Скляр.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта аталған ауылдар арасындағы қатынас аудандық маңызы бар «Пикет-Соналы-Ізенді» автомобиль жолы арқылы жүргізілетінін атап өтті.

Айта кетсек, мәжіліс депутаттары премьер-министрдің бірінші орынбасарына жолдаған сауалында Құланөтпес және Жараспай ауылдары арасындағы жолға республикалық бюджет арқылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді, сонымен қатар Құланөтпес пен Соналы ауылдары арасындағы жолға аудандық жол мәртебесін беруді қарастыру керектігін айтқан болатын.

Фото көзі: ortcom.kz


adimage