Құлыбаевтың мұнай компаниясына Т13,6 млрд айыппұл салынды, Жамбыл облысында алтын ұрлағандар ұсталды және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 5 тамыз. ҚазТАГ – Құлыбаевтың мұнай компаниясына Т13,6 млрд айыппұл салынды, Жамбыл облысында алтын ұрлағандар ұсталды және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.

Тимур Құлыбаевтың мұнай компаниясына Т13,6 млрд астам айыппұл салынды

Атырау облысында мұнай компаниясына Т13,6 млрд астам айыппұл салынды, деп хабарлайды Stan.kz.

«Каспий мұнай» АҚ 2021-2022 жылдары кен орнын бұрғылау және пайдалану нәтижесінде пайда болған 4500 тоннадан астам қауіпті қалдықтарға жинақтау лимитін алмағаны анықталды.

«Прокурордың ұсынысын қарау нәтижесі бойынша, Атырау облыстық сотының сот алқасының 2 шілде 2024 жылы шығарған қаулысымен «Каспий нефть» АҚ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабы (Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Т13 684 868 730 айыппұл салынды», – делінген хабарламада.

KASE мәліметтері бойынша, «Каспий мұнай» АҚ акцияларының 100% Тимур Құлыбаевтың Joint Resources АҚ-на тиесілі.

Астанада виртуалды жол жүру карталары енгізіледі
CTS компаниясының мәліметінше, алдағы уақытта елордада оқушылар мен жеңілдігі бар азаматтар үшін виртуалды жол жүру карталары енгізіледі, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».

«Валидацияны телефонның көмегімен QR кодты сканерлеу, валидаторға тигізу және басқа да ыңғайлы тәсілдер арқылы жүзеге асыруға болады. Осылайша көлік карталарын алып жүрудің қажеті болмайды. Виртуалды картаны шығару және рәсімдеу онлайн жүзеге асырылады, оны рәсімдеу үшін пайдаланушыларға арнайы кассаға барудың қажеті жоқ», - делінген хабарламада.

Жоба алдағы уақытта іске қосылады.

«Астана мен Алматыда 3 ірі есірткі зертханасы табылды»

Биыл шілде айында Астана және Алматы қалаларында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті полициямен өзара әрекеттесе отырып және прокуратура органдарының үйлестіруімен 3 ірі есірткі зертханасының әрекетін жойды, деп хабарлайды Aiqyn.

Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Қазақстанның 8 азаматы ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды.

«Тінту барысында 93 кг-нан астам синтетикалық есірткі, кристалдану сатысындағы 70 литр мефедрон, сондай-ақ 255 кг прекурсор мен зертханалық жабдықтар алынды. «Қара» нарықта тәркіленген есірткінің құны Т2 млрд артықты құрауы мүмкін», – делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілуге жатпайды.

«Жамбыл облысында алтын ұрлағандар ұсталды»

Биыл бірқатар өңірде құрамында алтыны бар материалды қайта өңдеу бойынша 19 заңсыз цех жойылып, ондаған тонна кен тәркіленді, деп хабарлайды El.kz.

ІІМ мәлімдеуінше, шілде айында Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері «Алтыналмас» АҚ «Ақбақай» комбинатының аумағынан құрамында алтыны бар кенді ұрлауға қатысы бар адамдарды ұстау бойынша жедел іс-шаралар өткізді.

«Іздеу іс-шараларының нәтижесінде Ақбақай, Мойынқұм, Бірлік кенттерінде 11 заңсыз ұсақтау цехы табылды. Онда кен мен тастарды өңдеуге арналған арнайы жабдық, алтын, қаражат, сондай-ақ тоғыз атыс қаруы мен мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді», - деп хабарлады ведомство.

«Қаракөз» карьерінің аумағында заңсыз кен іздеушілердің екі бригадасы ұсталды. Заңсыз кен өндіріп, шахталарға кірген 17 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, «Ақбақай» комбинатының аумағынан құрамында алтыны бар 600 қаптан астам шикізатты ұрлау фактісі анықталды. Оған комбинаттың бұрынғы қызметкерлерінің қатысы болған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Комбинаттың қауіпсіздік қызметімен бірге ұсталғандардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.

Фото көзі: Ашық дереккөз


adimage