Қоқысты өртеу кезінде белгісіз заттың жарылуынан Арыс тұрғыны зардап шекті

Алматы. 9 тамыз. ҚазТАГ – Қоқысты өртеу кезінде белгісіз заттың жарылуынан Арыс тұрғыны зардап шекті, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Бүгін Арыста сағат 18.15-те үйдің ауласында қоқыс өртеу кезінде белгісіз зат жарылды, соның салдарынан дене жарақатын алған үй иесі жергілікті ауруханаға түсті (аяғы мен саусақтары зақымданған). Оқиға орнында барлық жауапты қызмет жұмыс жасап жатыр. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін зардап шегуші үйіне жіберілді», - деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов бейсенбіде.
Еске салсақ, 24 маусымда сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Жарылыс салдарынан үш адам қаза тапты, 165 адам зардап шекті. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді.
15 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа Арыстағы ТЖ үшін қатаң сөгіс жариялады. Сонымен қатар 17 шілдеде мемлекет басшысы бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке «Арыстағы жарылыс дерегі бойынша қылмыстық істің тексерілуінің объективтілігі мен заңдылығын қамтамасыз етуді және барлық кінәлі тұлғаларды жауапқа тартуды» тапсырды.
7 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылыс үшін бұрынғы қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовты қарулы күштер (ҚК) жүйесінен шығарды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа; Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы болып қызмет атқарған Мұрат Жәлелұлы Майкеевке; Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары болып қызмет атқарған Талғат Жеңісұлы Жанжүменовке қатаң сөгіс жарияланды.

adimage