«Қорғас ісі» бойынша ҚР-дан заңсыз шығарылған Т140 млн прокурорлар қайтарды

Күні: 18:29, 03-05-2019.

Астана. 3 мамыр. ҚазТАГ - «Қорғас ісі» бойынша ҚР-дан заңсыз шығарылған Т140 млн прокурорлар қайтарды, деп хабарлады ҚР бас прокуратурасының баспасөз қызметінен.
«2019 жылы 15 қаңтарда Швейцарияның Федералды қылмыстық соты Қазақстанның Бас прокуратурасының өтінішхатын қанағаттандырып, «Қорғас ісі» бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері заңсыз жолмен алған және кейіннен елден тыс әкеткен 140 млн. теңгені қайтару туралы шешім қабылдады. Аталған қаржы топтың белсенді мүшелерінің бірі, 2012 жылдан бастап осы іске қатысы бар деген күдікпен халықаралық іздестіруде болған Мағзұм Әбдіралиевке тиесілі. Ағымдағы жылдың 25 сәуірінде Швейцариядан Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің шотына түскен ақша жақын арада мемлекет кірісіне алынады», - делінген жұмадағы хабарда.
Бұған дейін 2018 жылғы сәуірде прокуратура органдарының осы іс шеңберіндегі өтінішхаты бойынша мемлекет пайдасына М.Әбдіралиевтің 762 мың АҚШ доллары мен 915 мың теңге қылмыстық табысы тәркіленгенін атап өткен жөн.
«Осылайша, ұрланған активтерді қайтару бойынша жасалған жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік бюджетке түскен қаражаттың жалпы сомасы 420 млн. теңгені құрайды», - деді ведомстводан.
Еске салсақ, Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соты 2014 жылдың сәуірінде Алматы облысы кеден маңы аумағында қылмыстық қауымдастық құрғаны және экономикалық контрабанда жасағаны үшін сотталған құқыққорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері мен басқа да тұлғаларына қатысты үкім шығарған болатын.


Жаңалықтармен бөлісу: