«Қорғас ісі» бойынша ҰҚТ мүшелері жымқырған Т390 млн астам сома Швейцариядан Қазақстанға қайтарылды

Астана. 17 қыркүйек. ҚазТАГ – «Қорғас ісі» бойынша ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері жымқырған Т390 млн астам сома Швейцариядан Қазақстанға қайтарылды, деп хабарлады бас прокуратурадан.
«2020 жылғы 14 қыркүйекте Швейцарияның Федералдық билігі «Қорғас ісі» бойынша ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастық мүшелері жымқырып, шетелге шығарған 390 млн. теңгеден астам қаражатты Қазақстанға қайтарды.
Аталған қаражат 2012 жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген қылмыстық ұйымдасқан топтың белсенді мүшелерінің бірі Мағзұм Әбдіралиевке тиесілі Швейцария банкіндегі шетелдік компанияның шотында болған», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, Швейцариядан Әбдіралиевтің қылмыстық активтерін қайтару бойынша жұмыс 2018 жылдан бері жүргізілген.
«Бұған дейін 2019 жылы осы іс бойынша мемлекет кірісіне Швейцариядан 140 млн.теңге қайтарылған болатын. Осылайша, осы іс бойынша Швейцариядан мемлекеттік бюджетке шетелден активтерді қайтару бойынша жұмыс шеңберінде түскен қаражаттың жалпы сомасы шамамен 530 млн.теңгені (1,3 млн АҚШ долларынан астам) құрайды», - деді бас прокуратурадан.
Еске салсақ, «Қорғас ісі» бойынша тергеу амалдары 2011 жылы басталды. Сол кезде Қытайдан тауар контрабандасына ҰҚК лауазымды тұлғалары мен кеден қызметі мамандарының бары анықталды. Сотта істі 2013 жылдың 20 маусымында қарау басталды.
Сотта  45 адамның ісі қаралды, оларды 35 адвокат пен 45 қоғамдық қорғаушы қорғады.

adimage