Qazaq Banki салымшыларына жалпы төлем сомасының үштен бірі қайтарылды

Күні: 13:34, 27-12-2018.

Алматы. 27 желтоқсан. ҚазТАГ – 2018 жылдың 24 желтоқсанынан бастап «Qazaq Banki» АҚ салымшыларына Банк ВТБ (Қазақстан) АҚ ЕҰ агент-банкі арқылы 7,8 миллиард теңге өтемақы төлеген, деп хабарлады Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры баспасөз қызметінен.
«Qazaq Banki» АҚ тарату комиссиясы 2018 жылдың 12 желтоқсанына ұсынған соңғы тізілімге сәйкес, «Qazaq Banki» АҚ салымшыларына жалпы төлем сомасы 20,5 миллиард теңгені құрайды. Банктің 18 мың салымшысының әрқайсысы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорынан (ҚДКБҚ) өтемін толық көлемде алады. 24 желтоқсаннан бастап «Qazaq Banki» АҚ салымшыларына шамамен 7,8 миллиард теңгекөлемінде өтемақы төленді. 1 541 салымшыға өтемақы төленді», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, өтемақы салымның толық көлемінде және жинақталған (капиталдандырылған) сыйақы бойынша төленеді. Ең жоғары төлем сомасы: 10 миллион теңге – теңгедегі депозиттер бойынша, 5 миллион теңге – шетел валютасындағы депозиттер бойынша, 15 миллион теңге – «Qazaq Banki» АҚ бір мезгілде теңгеде және шетел валютасында ашылған депозиттер бойынша (шетел валютасындағы депозиттер үшін – 5 миллион теңге баламасына дейін).
Ақпарда көрсетілгендей, ҚДКБҚ меншікті капиталын ескере отырып, таратылған банктердің салымшыларына өтемақы төлеу үшін жинақталған сома 773,7 млрд. құрайды.
«ҚДКБҚ жинақталған резерві «Qazaq Banki» АҚ-ның барлық салымшыларына өтемақыны толық кепілдік берілген сома көлемінде төлеуге жеткілікті. «Qazaq Banki» АҚ салымшыларына төлемдердің жалпы сомасы ҚДКБҚ жинақталған резервінің 3%-нан аспайды. Бұған қоса, агент банк тұрақты қаржылық жағдайға ие және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келетін екінші дәрежелі банктердің ішінен таңдалады (қолданыстағы ықпал ету шаралары мен санкциялар жоқ). Екіншіден, агент-банктің қаражаты таратылған банктің салымшыларына өтемақы төлеу үшін пайдаланылмайды. Төлем тек Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады», - делінген хабарда.  
ҚазТАГ хабарлағандай, төлемдер Қазақстанның барлық өңірінде банк-агенттің барлық бөлімшелерінде 2019 жылдың 24 маусымына дейін төленетін болады.
Депозиттерге кепілдік берілген өтемді алу үшін таратылып жатқан банктің салымшылары жеке тұлғаны куәландыратын құжатпен Банк ВТБ (Қазақстан) АҚ ЕҰ-ның кез келген бөлімшесіне немесе филиалына барып, өтемді алу үшін өтінішті толтыруы қажет. Өтініш бланкісін агент банк бөлімшесінде алуға болады немесе ҚДКБҚ сайтында электронды нұсқаны жүктеп алып, алдын-ала толтыруға болады. Салымшыны сәйкестендіру жеке тұлғаны куәландыратын құжаттармен анықталады, сол себепті өтемді алу үшін банктік салым шарты немесе қолма-қол ақшасыз төлем сияқты қосымша құжаттар талап етілмейді.


Жаңалықтармен бөлісу: