ҚР ИИДМ бірқатар функциясы сауда және интеграция министрлігіне берілді

Астана. 4 шілде. ҚазТАГ – Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымық даму министрлігінің бірқатар функциясы сауда және интеграция министрлігіне берілді, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН: Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі, оған Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, қайта ұйымдастырылсын», - делінген президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейсенбідегі жарлығында.
Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағыныстағы ұйымдар арасында штат санын қайта бөлу; осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз ету тапсырылды.
«Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Əкімшілігіне жүктелсін. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», - делінген құжатта.

adimage