ҚР ЖОО-ларына қосымша грантқа құжат қабылдау мерзімінің аяқталуына төрт күн қалды

Астана. 7 тамыз. ҚазТАГ – ҚР ЖОО-ларына қосымша грантқа құжат қабылдау мерзімінің аяқталуына төрт күн қалды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2019-2020 оқу жылына көп балалы отбасы мен АӘК алатындардың балалары үшін 5 мың әлеуметтік білім гранты бөлінді. Аталмыш білім гранттарын жергілікті атқарушы органдар конкурстық негізде үлестіреді. Бұл үшін облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдерімен конкурстық комиссиялар құрылатын болады», - деп хабарлады сәрсенбіде БҒМ. .
Ведомствода атап өткендей, конкурсқа қатысу үшін 2019 жылғы маусым айында өткізілген ҰБТ-дан шекті балл жинау конкурстың негізгі шарты болып табылады.
«Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша – кемінде 65 балл, басқа жоғары оқу орындарына – кемінде 50 балл, «педагогикалық ғылым» бағыты бойынша – кемінде 60 балл жинау керек. Конкурсқа құжаттар 5 мен 10 тамыз аралығында қабылданады. Білім гранттарын тағайындау және ждоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жүргізіледі», - деп хабарлады білім және ғылым министрлігінен.
Конкурсқа қатысу үшін құжаттар тізімі: белгіленген үлгідегі бланкіде өтініш; білімі туралы құжат (құжаттарды қабылдау комиссиясына тапсырған кезінде түпнұсқа); ҰБТ сертификаты; 086-У нысаны бойынша медициналық анықтама; жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.
«Сондай-ақ, балалардың көпбалалы отбасынан шыққан немесе атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетін отбасы қатарынан екендігін растайтын құжаттар көрсетілуі керек. Білім гранттары иегерлерінің тізімін әкімдік жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайтын болады», - деп хабарлады БҒМ.

adimage