«#ҚызғылтБарбиОтставкаға!» - қазақстандықтар министр Әбілқасымованың отставкаға кетуін талап етуде

Күні: 16:50, 05-02-2019.

Алматы. 5 ақпан. ҚазТАГ - «#ҚызғылтБарбиОтставкаға!» – Facebook әлеуметтік желісінің қолданушысы Айсұлу Дүтбаева өз постын осындай хештегпен бастаған, ол Астанадағы өрттен бес баланың мерт болуына байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың өз еркімен отставкаға кетуін талап етушілердің бірі екен.
«Тірілей 5 қыз бала өртеніп кеткен қайғылы жағдайдан кейін Сізден, біздің жылтырақ министрден, сұрағым келеді. Сізде ар бар ма? Мына қызғылт киімдер Сізге, жасы келген барбииге емес, өртеніп кеткен қыз балаларға көбірек жарасатын сияқты! Сіз әлі қызғыл көзілдірігіңізді шешпеген сияқтысыз!... Мықты журналдың мұқабасынан өз-өзіне көңілі толған қызды көріп отырмыз. Алайда егер бұл сіздің арманыңыз болса, қайтеміз енді...Сіз арманыңызды орындадыңыз, ал енді отставкаға кетсеңізші!!! Осылай ең болмағанда сізге деген қандай да бір құрмет қалар еді. Бізге халқын шынымен де жүрегімен, жанымен, қанымен сезінетін министр керек!!! Сіздің өз халқыңыздың түбіне жететін сөздеріңіз жетер енді!» – деп жазды А. Дүтбаева сейсенбіде өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әлеуметтік желіде тараған ақпан айындағы нөмірінде жарық көрген Forbes Kazakhstan журналының мұқабасындағы М.Әбілқасымованың суретінің астында желі қолданушылары ашуға толы пікірлер қалдыруда.
А.Дүтбаевамен қатар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне осындай талапты басқа да көптеген қазақстандықтар қоюда, олардың ішінде пікір қалдырушылар да көп.
«Мәдина, мен сізге кететін уақыт келді деп ойлаймын. Астанадағы секілді жағдайлардан кейін, дамыған елдерде жауапты шенеуніктер отставкаға кетеді. Тікелей болсын, жанама болсын бұл сіздің де кінәңіз, бұл мемлекеттің сіз басқарып отырған министрлік атынан жүргізіп отырған әлеуметтік саясатының нәтижесі», - деп санайды блогер Ғалым Байтық.
Азаматтық белсенді Мұрат Телібеков М.Әбілқасымова марқұмдардың ата-анасынан кешірім сұрап, «арым ары қарай бұл қызметте қалуға жібермейді», деп мәлімдеу керек деп санайды.
«Халықтың еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі Мәдина Әбілқасымованы отставкаға жіберу керек деген талабын қолдаймын. (…) Министрлік тарапынан осы уақытқа дейін ешқандай әрекеттің болмауына қарағанда маған ол министр-қыздың жағдайы аянышты емес», - деп жазды қолданушы Шолпан Әли.
«Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының президенті Марианна Гурина біздің агенттікке берген түсініктемесінде М.Әбілқасымовамен бірге ҚР балалар омбудсмені Сәуле Айтпаева да отставкаға кету керек деп санайды, себебі ол да осы уақытқа дейін Астанадағы қайғылы жағдайға байланысты еш әрекет танытпаған.
«Болған жайтқа біздің әрқайсысымыз кінәліміз- немқұрайлығымыздан, шыдамдылығымыздан. Сол жағалаудан оң жағалауда не болып жатқанының көрінбейтіні, ата-аналары бір үзім нан табу үшін жұмыс жасауға мәжбүр болғаны үшін балалардың көз жұматыны өкінішті», - деп санайды М. Гурина.
Еске салсақ, Астанада 4 ақпанға қараған түні Сарыарқа ауданы Шығыстау көшесі бойындағы жеке тұрғын үйдің ауласында бөлек орналасқан уақытша жайдан өрт шыққан. Өртті сөндіру барысында бес баланың мәйіті табылған: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туылған. Құтқарушылар нақтылағандай, ата-аналар ол кезде жұмыста болған.
Неге көпбалалы ата-аналардың түнгі ауысымда жұмыс жасауларына тура келеді деген сұраққа жауап берген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жакупова, бұл ата-аналардың өз таңдаулары деп мәлім етті.
Ал ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымованың өзі қайғылы жағдайдың алдында көп балалы аналарға төленетін жәрдемақының 2019 жылы Т768 сомаға көтерілгенін айтып, өмір бойына көп балалы аналарға мемлекеттен бірнеше миллион төленетінін мәлімдеген болатын.
«Басқа елдерде ондай мүлде жоқ. Ресейде аналар капиталы бар. Бізде, егер барлық жылды алып есептесек, ол жылдар ішінде бірнеше миллион құрайды», - деп мәлім етті М.Әбілқасымова.
«Күміс алқа», «Алтын алқасы» бар көп балалы аналарға төленетін ай сайынғы жәрдемақы 2019 жылдың 1 қаңтарында Т16 160 болды, ал 2018 жылы Т15 392 төленген болатын.


Жаңалықтармен бөлісу: