«Әзірет Сұлтанда» аудиогид іске қосылды

Күні: 09:46, 31-08-2019.

Түркістан. 31 тамыз. ҚазТАГ - Түркістанның негізгі туристік нысаны саналатын «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесінде аудиогид жобасы іске қосылды, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметінен. Енді туристер арнайы аппарат арқылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде кесене туралы толық мәлімет алып, саяхаттай алады.
– Британияның Стоунхендж деген жеріндегі қада тастарды көруге күн сайын мыңдаған турист барады. Визит орталығында адам көп. Бірақ, бірде-бір гид жоқ. Өйткені барлығында заманауи құралдарды пайдаланады. Егер тіл білмесеңіз, арнайы аппарат береді, сондағы әр тасқа, әрбір жәдігерге жақындатсаңыз сол туралы ақпарат береді. 6 тілде мәлімет ұсынады, видеосын көрсетеді. Смартфоныңыз болса, сол арқылы да көруге болады. Мәтінді шығып тұрады, оқуыңызға да ыңғайлы. Сондай бар мүмкіндіктерді бізге де неге пайдаланбасқа? «Әзірет Сұлтан» кешенінде аудиогид қызметін қосу соның алғышарттары ғана. Біз мұны жетілдіріп, қажетті, жүйеленген мағлұматтармен байыта беретін боламыз, – дейді Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов.
Қазірге аудиогид жобасына кесененің іші ғана енгізілген. Алдағы уақытта кесене маңындағы мәдени-тарихи орындар мен археологиялық қазба жұмыстары жайлы мәліметтер қамтылатын болады
Алғашқы жоба ретінде 10 құрылғы іске қосылды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген әрбір қонақ аудиогид қызметін таңғы сағат 08:00-ден кешкі 20:00 аралығында 1 сағат бойы қолдана алады. Аталған қызмет түрі – тегін. Тек аппарат қолды болып кетпес үшін кесене ішіндегі жауапты қызметкерлерге кепіл ретінде жеке құжат тапсырылуы тиіс.
Теледидар пульті тәрізді шағын құрылғыдағы тарихи ақпараттарды белгілі бір сандар реттілігі арқылы тыңдауға болады, яғни 1 саны Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен мұралары болса, 2 саны кесененің салыну тарихы және архитектуралық келбетіне арналған.
Айта кетсек, аудиогид жобасы үш тілде қолға алынғанымен алдағы уақытта түрік, француз, қытай тілдерін де қосу жоспарлануда. Сонымен қатар, көзі нашар көретін жандарға да арнап жәдігерлер сипатталған мәтін және дыбыстық жазуы бар нұсқасы енгізілмек.


Жаңалықтармен бөлісу: