1,3 млн азаматымыздың жалақысы нақты көбеюі тиіс – Назарбаев

Астана. 29 қараша. ҚазТАГ – 1,3 млн азаматымыздың жалақысы нақты көбеюі тиіс, деп мәлімдеді ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев.  
«Осы жылдың соңына дейін ең төменгі жалақы мөлшерін бір жарым есе өсіретін заңның қабылдануын қамтамасыз ету қажет. Министрлік және әкімдіктер жұмыс берушілердің ең төменгі жалақы мөлшерін арттыруын қамтамасыз ету үшін бақылау орнатып, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде шаралар қабылдауы керек. 1,3 миллион азаматымыздың жалақысы нақты көбеюге тиіс», - деп келтіреді Ақорда Н.Назарбаевтың халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жаңғырту мәселелеріне арналған кеңес барысындағы сөзін.  
Елбасы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жасына байланысты берілетін зейнетақы төлемдерін 7 пайызға, сондай-ақ мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар көлемін 5 пайызға арттыру қажет екеніне тоқталды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тиісті ведомство жетекшісіне шағын несиелер санын көбейту қажеттігін және олардың халыққа қол жетімділігін арттырудың маңыздылығы туралы айтты.
Басқосу барысында әлеуметтік сақтандыру мәселелері де талқыланды. Осыған орай, еңбек қабілетін жоғалтуына, жұмыстан босап қалуына немесе асыраушысынан айрылуына байланысты берілетін әлеуметтік төлемақының орташа көлемін 30 пайызға арттыруды қамтамасыз ету керектігі айтылды.

adimage