Алматы. 26 қазан. ҚазТАГ – 1 қазандағы жағдай бойынша банктердің меншікті капиталы 3,9% төмендеді – Т2,9 трлн дейін, деп хабарлады Қазақстан Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен (ҚР ҰБ).
«2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банк секторының жиынтық меншікті капиталы 2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте 3,9%-ға азайып, 2 910,8 млрд теңге болды. Банк секторының жиынтық активтері 2018 жылғы 1 қазанда 24 538,9 млрд теңгені (жылдың басынан бері ұлғаю 1,6%) құрады. Активтердің құрылымында ең көп үлесті кредиттер – 49,7%-ды, бағалы қағаздар портфелі – 18,6%-ды, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттар – 16,1%-ды иеленді», - делінген жұмада таратылған қаржылық реттеушінің хабарында.
90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар кредиттер (NPL) 1 123,7 млрд теңгені немесе несие портфелінің 8,52%-ын құрады.
Несие портфелі бойынша провизиялар 1 889,4 млрд теңге немесе несие портфелінің 14,3%-ы (2018 жылдың басында – 2 126,4 млрд теңге немесе 15,6%) мөлшерінде қалыптасты.
Банк секторының жиынтық міндеттемелерінің мөлшері 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 21 628,0 млрд теңгені (жылдың басынан бастап ұлғаю 2,4%-ды) құрады. Банктер міндеттемелерінің құрылымында ең жоғары үлесті клиенттердің салымдары – 76,9%-ды, айналысқа шығарылған бағалы қағаздар – 6,6%-ды, басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар – 3,7%-ды иеленеді.
Жиынтық міндеттемелерде банктердің Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы міндеттемелері 2018 жылдың басымен салыстырғанда 5,56%-дан 5,77%-ға дейін (1 189,0 млрд теңгеге дейін) ұлғайды.
Таза пайда (ағымдағы кірістердің ағымдағы шығыстардан асып кетуі) 506,1 млрд теңгені құрады. Екінші деңгейдегі банктердің таза пайыздық маржасы және пайыздық спрэді 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша тиісінше 5,11% және 4,04% болды.
2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 28 банк жұмыс істейді.
1 қазандағы жағдай бойынша банктердің меншікті капиталы 3,9% төмендеді – Т2,9 трлн дейін
