17 миллион теңге мөлшеріндегі грант және “Орта білім берудің үздік ұйымы - 2015” атағы Маңғыстау ауданындағы Оңды ауылдық мектебіне берілді

Ақтау. 6 қазан. ҚазТАГ - 17 миллион теңге мөлшеріндегі грант және “Орта білім берудің үздік ұйымы - 2015” атағы Маңғыстау ауданындағы Оңды ауылдық мектебіне берілді, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

«Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев Мұғалімдер күнінің атап өтілуі аясында білім беру және тәрбие үдерістерін ұйымдастырудағы, оны жетілдірудегі едәуір табыстары үшін аймақтың бірқатар ұстаздарына “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгілерін, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарын, Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Маңғыстау ауданы Оңды ауылындағы орта мектепке “Орта білім берудің үздік ұйымы - 2015” атағы мен 17 миллион теңге мөлшеріндегі грант берілді», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.

Өңір басшысы атап өткендей, рейтинг қорытындылары бойынша соңғы 3 жыл үшінде ҰБТ-дағы үздік нәтижелерге Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылындағы лицей, Ақтау қаласындағы экономикалық лицей, №4 мектеп-гимназиясы, №11 мамандандырылған физика-математикалық мектеп, №13 мектеп-гимназиясы, №7 мектеп-лицейі, Бейнеу ауданының лицейі, облыстық қазақ-түрік лицейі қол жеткізіп отыр.  

Сонымен қатар, мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған іс-шаралар аясында орта мектеп мұғалімдері арасында жыл сайын Маңғыстау облысы әкімінің грантына “Қазақ тілінің үздік мұғалімі” байқауы өткізіледі.

Сондай-ақ, қазақ тілінің үздік мұғалімі - 2015” атағы үшін орыс тілінде білім беретін мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдер жарысқа түсті. Байқау жеңімпазы және 200 мың сомасындағы білім беру грантының иегері Ақтау қаласындағы №7 мектеп-лицейдің қазақ тілі мұғалімі Гүлжамал Урынбаева атанды.  

Ұстаздарды әлеуметтік қолдау, мұғалімдердің беделін арттыру аясында мектепке дейінгі білім беру, жалпы білім беру және кәсіби-техникалық білім беру ұйымдары арасында “Үздік ұстаз” облыстық байқауы өткізілді.

«Олардың жеңімпаздары Түпқарағай ауданы “Жауқазын” балабақшасының тәрбиешісі Нұргүл Ходжа-Ахмедова, Ақтау қаласындағы №11 мамандандырылған физика-математика мектебінің математика мұғалімі Маржан Асылбаева, Жаңаөзен қ. О.Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай және газ колледжі арнайы пәндердің оқытушысы Сайлаухан Жүкенова атанды. Маржан Асылбаева, Сайлаухан Жүкенова және Роза Атамұратова “Үздік ұстаз” республикалық байқауда жүлделі орындардың иегерлері екенін айта кеткен жөн», - делінген хабарда.

adimage