1А санаттағы елден келген тоғыз адам стационарларда жатыр – Қызылорда облысы ДБ

Қызылорда. 31 наурыз. ҚазТАГ – Толқын Тәшімов/Владимир Радионов. 1А санаттағы елден келген тоғыз адам стационарларда жатыр, деді Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдүсәметов.
«1А санатты елдерден – 33 адам, оның тоғызы – стационарлық бақылауда, 24 – үйдегі карантинде. 1Б санатты елдерден – 148 адам, оның 12 – стационарлық бақылауда, 136 – үй карантинінде. Олардың жағдайы қанағаттанарлық және олар медициналық қызметкерлер тарапынан үнемі бақылауда», - деді Әбдүсәметов сейсенбідегі брифингте.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 336 жағдайы тіркеліп, 21-і жазылып, екі адам көз жұмды.

adimage