2 маусымнан бастап Нұр-Сұлтан және Прага арасында тікелей әуе рейсі ұшырылатын болады

Күні: 13:19, 30-05-2019.

Астана. 30 мамыр. ҚазТАГ – 2 маусымнан бастап Нұр-Сұлтан және Прага арасында тікелей әуе рейсі ұшырылатын болады, деп хабарлады ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитеті (ААК) баспасөз қызметінен.
«30 мамырда Нұр-Сұлтан-Прага-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша тікелей тұрақты рейстің ашылуының салтанатты рәсімі болды. 2019 жылдың 2 маусымынан бастап SCAT әуе компаниясы Қазақстан мен Чехия астаналары Нұр-Сұлтан және Прага қалалары арасында «Boeing 737» ұшағымен аптасына 2 рет тұрақты рейстерді орындайтын болады», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
ААК атап өткендей, бұл рейстің ашылуы маршруттық желілерді дамытуға ықпал етіп, туризмді дамытуға және екі елдің транзиттік әлеуетін арттыруға үлес қосады.
«Жыл басынан бері Жуковский-Қарағанды, Жуковский-Көкшетау, Жуковский-Петропавл (ИрАэро), Алматы-Баку (AZAL авиакомпаниясы) бағыттарында жаңа халықаралық бағыттар ашылды. Сонымен қатар, 2 маусымнан бастап SCAT әуе компаниясы «Нұр-Сұлтан - Ұланбатыр - Нұр-Сұлтан» бағытындағы тұрақты рейстерді орындауды жоспарлап отыр», - деп еске салды комитеттен.
Еске салсақ, 9 наурызда Қазақстанның СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Нұр-Сұлтан-Прага тікелей әуе рейсі 5 айға – 2019 жылдың маусымынан қазан айына дейін ұшырылатыны хабарланған еді.


Жаңалықтармен бөлісу: