2018 жылдың басынан бастап Қазақстанда қызылшаның 26 расталған түрі тіркелді

Күні: 18:19, 19-11-2018.

Астана. 19 қараша. ҚазТАГ – 2018 жылдың басынан бастап Қазақстанда қызылшаның 26  расталған түрі тіркелді, деп хабарлады ҚР денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінен.  
«Қазақстан Республикасында 2018 жылғы өткен кезеңінде қызылшаның  26 расталған жағдайы, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында - 20 жағдай (76,9%) тіркелді», - делінген  дүйсенбіде денсаулық сақтау министрліінің хабарында.  
Қызылшаның Алматы қаласында – 15 жағдайы, Ақмола және Жамбыл облысында – 2 жағдайдан, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 жағдайы, Астана қаласында – 6 жағдайы тіркелуі байқалды. Ауру көбінесе егілмеген балалар арасында тіркелді. Инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы егілмеген балаларды анықтауға және вакцинациялауға бағытталған эпидемияға қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қызылша - дене қызуының жоғарылауы, жөтел, мұрын бітуі, тамақтың ауыруы және бөртпемен сипатталатын вирустық табиғатты жіті жұқпалы ауру. Қызылша пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынулармен қауіпті, олар медициналық көмекке кеш жүгінгенде және ауыр қосымша аурулар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Қызылшаны емдеудің тиімді және ерекше әдісі жоқ.
Қызылшадан жалғыз тиімді қорғау вакцинация болып табылады. Қазақстанда қызылшаға қарсы егу екі рет жүргізіледі: біріншісі 1 жаста және екіншісі 6 жаста. Қызылшаға қарсы вакцинациялау үшін қызамық және паротитті компоненттермен біріктірілген қауіпсіз және тиімді вакцина қолданылады.
Министрлік ұсынады: ата-аналарға өз баласының қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру, вакцинация болмаған жағдайда - қызылшаға қарсы профилактикалық егуді алу; қызылшаға қарсы әр түрлі себептермен егілмеген балалардың ата-аналарына әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуды, сауда-ойын-сауық орталықтарындағы ойын алаңдарына баруды шектеу; катаралды құбылыстармен (дене қызуының жоғарылауы, бас ауруы, әлсіздік) аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігерге қаралу, қызылша ауруына тексеруден өту және оның барлық нұсқауларын орындау қажет. Есіңізде болсын, ауруды емдеуден гөрі алдын алу әрқашан оңай!
Еске салсақ, 2017 жылдан бастап еуразиялық континентте қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделенді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) статистикасы бойынша 2018 жылдың басынан бері 40 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған.( ДДҰ 2017 жылы 24 мыңнан астам қызылшаны, 2016 жылы 5 мыңнан астамын тіркеді).
Ағымдағы жылы қызылшадан эпидқолайсыздық 7 елде тіркелді, онда мыңнан астам адам қызылша ауруымен ауырған: Украина (38 мыңнан астам жағдай), Сербия (5 мыңға жуық жағдай), Франция (2579), Италия (2020), Ресей (1396), Грузия (1128), және Греция (2476).
ДДҰ сарапшылары аурудың таралуын қызылшаға қарсы иммундаумен қамтудың және халықтың иммундық қабатының төмендеуімен байланыстырады.


Жаңалықтармен бөлісу: