2018 жылы Қазақстанда еңбекақы бойынша Т2,4 млрд көлеміндегі қарыз өтелді

Күні: 18:38, 15-04-2019.

Астана. 15 сәуір. ҚазТАГ – 2018 жылы Қазақстанда еңбекақы бойынша Т2,4 млрд көлеміндегі қарыз өтелді, деп хабарлады ҚР тұңғыш президентінің баспасөз қызметінен.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовты қабылдады. (…)Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне еліміздегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің ахуалы, сондай-ақ азаматтардың әлеуметтік-экономикалық саладағы құқықтарын қорғау үшін атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлімделді. Ғ.Нұрдәулетовтың мәліметіне сәйкес, былтыр бірлесе күш жұмылдырудың арқасында еңбекақы бойынша 2,4 млрд теңге көлеміндегі қарыз өтелді», - делінген дүйсенбідегі Ақорда хабарында.
Сонымен қатар, кездесуде еңбек дауларын шешуге қатысты азаматтардың құқықтарын қорғау үшін Бас прокуратура мен Үкімет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға баса мән берілді.
Бас прокурор Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа еліміздің қылмыстық заңнамасын ізгілендіру және түрмеге қамалғандардың әлемдік рейтингі бойынша Қазақстанның беделін арттыру үшін атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті шағын және орта бизнес саласындағы тексерістерді азайту үдерісіне тиісті бақылау жасаудың маңыздылығын атап өтті», - делінген хабарда.


Жаңалықтармен бөлісу: