2018 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әлемдік нарықта өндіріс ауқымы жағынан ғана емес, сату көлемі жөнінен де ірі кәсіпорынға айналмақ

Күні: 15:30, 21-09-2018.

Алматы. 21 қыркүйек. ҚазТАГ – 2018 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әлемдік нарықта өндіріс ауқымы жағынан ғана емес, сату көлемі жөнінен де ірі кәсіпорынға айналмақ, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.  
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы басшысының мәліметіне сәйкес биыл уран сату көлемі соңғы үш жылдағы орташа көрсеткіштен жоғары болмақ. Нәтижесінде компания әлемдік нарықта өндіріс ауқымы жағынан ғана емес, сондай-ақ сату көлемі жөнінен де ірі кәсіпорынға айналады», - деді жұма күні ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы Ғалымжан Пірматов.
Ақорда сайты хабарлағандай, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Қазақстан Президентіне компания жұмысының негізгі қорытындылары мен перспективалары жөнінде баяндады.
«Біз әлемдік атом саласындағы жағдайды мұқият саралап, дамудың жаңа стратегиясын қабылдадық. 2017 жылы және биылғы 8 айда компания өндірістік және қаржылық жоспарларының бәрін орындады. Осы жылы төленетін дивиденттер былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе артады деп болжап отырмыз», - деп мәлім етті «Қазатомөнеркәсіп» АҚ басшысы.
Хабарда атап өтілгендей, кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.  Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы ірі ұлттық компаниялардың бірі саналатын «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы әлемдік атом өнеркәсібі саласында маңызды орын алатынын атап өтті.


Жаңалықтармен бөлісу: