Астана. 29 сәуір. ҚазТАГ – 2019 жылдың қаңтар-наурызында химиялық өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 109,8%-ке артты, деп хабарлады ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінен.
«2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша химия өнеркәсібі саласында өндірістің оң динамикасы байқалады. Қаңтар-наурыз кезеңінде химиялық өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 109,8%-ке артты», - делінген дүйсенбідегі хабарда.
Хабарда түсіндірілгендей, өсім «Қазфосфат» ЖШС, «АЗХС» АҚ мен «Каустик» АҚ-дағы өндіріс көлемінің артуымен байланысты.
«Атап айтқанда: «Қазфосфат» ЖШС-де (саладағы үлесі - 28%): Еуропа елдеріне (Германия, Польша), БАӘ, АҚШ экспорттың артуы есебінен сары фосфор 41 %-ке; ұнтақталған фосфор шикізаты 48 %-ке; фосфорлы қышқыл 6 % -ке, натрий триполифосфаты 14 %-ке, аммофос 6 %-ке, фосфорлы калий тыңайтқышы 42 %-ке, «Ақтөбе хром қоспалары зауыты» АҚ (саладағы үлесі - 11%): хром ангидриді 57 % -ке, калий бихроматы 11 %-ке «Каустик» АҚ (саладағы үлесі 6%), техникалық күйдіргіш натр ерітіндісі 8 %-ке, газ тәрізді хлор 11 %-ке, тұз қышқылы (техникалық және ингибирленген) 50 %-ке», - делінген хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, қазіргі уақытта Жамбыл облысындағы «Еурохим-Удобрения» ЖШС-де «Кешенді минералды тыңайтқыштар өндірісі» жобасын іске асыру және «Арал сода» ЖШС-де «Кальцилендірілген сода өндірісі» жобасын іске асыру жұмыстары жалғасуда.
2019 жылдың қаңтар-наурызында химиялық өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 109,8%-ке артты
