2019 жылдың басынан бері Әлеумедсақтандыру қоры медициналық мекемелерге 300 млрд теңгеден астам төледі

Күні: 12:59, 08-05-2019.

Астана. 8 мамыр. ҚазТАГ – 2019 жылдың басынан бері «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ (МӘМС) медициналық мекемелерге 300 млрд теңгеден астам төледі, деп хабарлады қордың баспасөз қызметінен.
«2019 жылдың мамырындағы мәліметтер бойынша, Қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 305 млрд теңге төленді. Бұл жалпы кепілдендірілген медициналық көмек пакеті шеңберінде бекітілген келісімшарт сомасының 35,4 пайызын құрайды», - деп мәлім етті Қор басқармасы төрағасының орынбасары Ботагөз Жақселекова.
Хабарда атап өтілгендей, 2019 жылы МСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 860 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 5 процент артық.
«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Бөлінген қаражат медицина мекемелерінің операциялық шығындарын өтеуге жеткілікті», - деп мәлімдеді Жақселекова.
Қорда нақтылағандай, биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты 1403 медицина ұйымы орындайды. Оның ішінде 701 жеке меншік клиника да бар. Биыл олардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 57-ге көбейіп отыр.
«Мемлекеттік тапсырысты орындап жатқан жеке меншік медицина ұйымдарының саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстары көш бастап тұр», - деді МӘМС.
МСҚ 2018 жылдан бастап ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алады.


Жаңалықтармен бөлісу: